26.09.2024, 9:00
Оқылды: 170

Машина жасаушылар жаңа өндірістерді игеріп жатыр

Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісінде Машина жасаушылар күні аталып өтіледі. Кәсіби мереке алғаш рет 1981 жылы КСРО кезінде тойланған.

FB249493-EB3B-43A5-9E75-3E5AA4FF1403

Сурет: freepik.com

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бұл мерекені Беларусь, Қырғызстан, Ресей өз күнтізбелерінде қалдырды. 2017 жылғы 31 қазанда сол кездегі Қазақстан Республикасының  Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметінің №689 қаулысына қол қойды. «Қазақстан Республи-касындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» аталған қаулыда қыркүйектің соңғы жексенбісі – Машина жасаушылар күні ретінде бекітілді.

Машина жасау – ел экономика­сының маңыз­ды сала­лары­ның бірі. Оны қарқынды дамыту – еліміз­дің өңдеу өнеркәсібін дамы­ту тұжырымдамасының не­гізгі басымдықтарының бі­рі.

Бұл сала тек автомобиль өн­дірісін ғана емес, электр жә­не теміржол жабдықтарын, тау-кен, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы машиналары сын­ды күрделі 37 саланы қамтиды.  

– Мемлекет басшысы қазақстандықтарға арнаған «Әділетті Қазақстан: құқықтық тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында инвестициялық ахуалды жақсарту, құны жоғары өнімдерді және сабақтас салаларды дамыту қажеттігін атап өтті. Осы жерде айта кететін жайт, машина жасау саласының өндірушілері технологиялық процестердің кең спектрін игеруді талап ететін күрделі және еңбекті көп қажет ететін өнімдерді шығаруға бағыт ұстаған. Биылғы  бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экспортталған машина жасау өнімдерінің жалпы көлемінде (25,3 млн АҚШ доллары) жоғары құнды өнімдер 99,6%-ды (25,2 млн АҚШ доллары) құрайды. Бүгінде облыстың машина жасау кәсіп­орындарының  қуаты жоғары технологиялық мұнай-газ жабдықтарын, соның ішінде бұрғылау сорғыларын, оларға қосалқы бөл-шектерді, мұнай жылыту пештерін, кемелерді шығару және жөндеу, арнайы көліктер, трансформаторлар және басқа да өнім түрлерін өндіруге мүмкіндік береді, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбергенов.

Бірінші санатты кеме құрастырылуда 

Қазіргі кезде «Батыс Қазақ­стан машина жасау компаниясы» АҚ   мұнай мен газды, күрделі металл құрамаларын өндіру, өңдеу, тасымалдау және жоғары технологиялық жабдықтарды әзірлеу және өндіру ісін сәтімен жүзеге асыруда. Кәсіпорын «General Electric» компаниясының газ турбинасы, сорғы және ком­прессорлық технологиялар және құбыр арматурасы (кла­пандар, ысырмалар, фланец­тер) өндірісі бойынша «Came­ron» компаниясының стра­тегиялық серіктесі болып табылады.

«Зенит Орал зауыты» АҚ су ығыстырымдылығы 750 тоннаға дейінгі кеме мен катерлерді шығаруға маманданған. Сонымен қатар мұнай-газ секторы үшін сыйымдылығы 15 текше метрге дейінгі цистерналар, фланецтер мен арматура өнімдерін өндіріп, жеткізеді. Сондай-ақ зертханалық сынақтар өткізеді. Жақында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Серік Борамбаев жұмыс сапарымен Оралдағы аталмыш зауытта болды. Онда әскерлерді техникалық жарақтандыру жә­не әскери кемелер флотын жаңарту мәселелері бойынша бірқатар кездесу өткізді. Әскери-өнеркәсіптік кешен кә­сіпорындарында тараптар ке­мелерді сатып алу, оларға техникалық қызмет көрсету және жаңғырту бағытындағы ынтымақтастықтың келе­ше­гін талқылады. Сондай-ақ Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы су ығыстырымдылығы 750 мың тонна болатын көпфункционалды қо­салқы кеме құрылысының барысымен танысты. Мұндай сипаттамалары бар бірінші санатты кеменің құрылысы қазақстандық кәсіпорын үшін ауқымды жоба болып отыр. Еліміздегі кеме жасау саласындағы көшбасшы кәсіп­орын Әскери-теңіз күштерімен ынтымақтастық аясын­да су ығыстырымдылығы 250 мың тонна болатын төрт зымыран-артиллериялық кеме және 12 мың тонналық арнайы катер құрастырды. 

Тыныс-тірлігі қалыпты  

 С. Борамбаевтың «Гидро­прибор» ғылыми-зерттеу ин­с­титуты» АҚ-ның басшылығымен кездесуі барысында кәсіпорынның мүмкіндіктері талқыланып, роботтық техника жабдықтарын жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету, қосалқы бөлшектер жеткізу және басқа да мәселелер бойынша пікір алмасты. Өндіріс орнындағы «Сағым» жүрдек катері қолбасшы назарына ұсынылды. Гидрографиялық жұмыстарды жүргізуге арналған бұл катер Әскери-теңіз күштеріне тегін беріледі. Орталықта арнайы мақсаттағы теңіз су асты жабдықтары мен оны пайдалану  технологияларын жасау бойынша ғылыми-зерттеу, тә­жірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіледі. Жалпы бұл өзі – жабдықты жобалаудан бастап тәжірибелік үлгіні жасайтын, сол үлгіні сынақтан өткізіп, одан әрі өндіріске енгізетін толық цикл­ді кәсіпорын.

Аталмыш акционерлік қоғамның бас директоры Біржан Ережеповтің айтуынша, су ығыстырымдылығы 170 тоннаға дейінгі теңіз, өзен кемелерін, қайықтар мен су құралдарын жобалап, дайындауға маманданған. Одан басқа ауада, жерде, су астында және жер бетінде қолданылатын роботтық техниканың, мұнай-газ саласына жабдықтар мен құрал-жабдықтардың да жобасын жасақтап, өнім өндіреді.

Автоматтандырылған және роботтандырылған жүйелерді енгізу төртінші буын өнеркәсіп элементтері­нің бірі болып табылатыны белгілі. Әлемдегі технология­сы дамыған елдер ондай жүйелерді өндіріске енгізуді әл­деқашан бастады. Сондай озық үрдістерді біздің елімізде де енгізу керек.

«Оралагрореммаш» АҚ отан­дық нарықты қажетті арнайы және шаруашылық-тұрмыстық техникамен, сыйымдылық жабдықтарымен, металл құрамаларымен және түрлі үлгідегі қоршаулармен қамтамасыз етеді. Елімізде арнайы техника шығаратын өндіріс орындары болғанымен, өрт сөндіретін көлік тек Оралдағы осы кәсіпорында шығарылады. Сонымен қатар арнайы мамандандырылған көліктер, мысалға, «АСА-20» аталатын құтқару көліктері де құрасты-рылды. Жылына  өндірісте түрлі бағыттағы 200 техника шығарады. Соңғы жылдары зауыттағылар «ГАЗ», «КамАЗ», «УРАЛ», «МАЗ», «УАЗ», «Хундай», «Ивеко» шассиі базасында 60-тан астам арнайы техника өндірісін игерді. Техника құрастырылатын бөлшек-бұйымдар Италиядан, Ресейден, Германиядан, Түркиядан алынуда.

Инвестиция ағыны 2,5 есеге артты

2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыстағы машина жасау кәсіпорындары 43,5 млрд теңге­нің өнімін өндірді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артық. Электронды және оптикалық жабдықтар өндірісі – 3,9, арнайы көліктерді, тіркемелер­ді, жартылай тіркемелерді шығару – 3,3, басқа көлік құралдарын құрастыру – 1,5 есе, басқа машиналар мен жабдықтарды өндіру 9,2 пайызға өсті.

Саланы дамытуға 2023 жы­лы 2,7 млрд теңге көлемінде инвестиция бағытталды. Бұл 2022 жылғы инвестиция көлемімен салыстырғанда 1,3 есе көп. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде, яғни 8 ай қорытындысында 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда машина жасаушы­ларға бағытталған ин­вестиция ағыны 2,5 есе өскені байқалады.

– Экономиканың бұл сала­­сын одан әрі дамыту мақсатында машина жасау кәсіп­орындары жаңа өндірісті иге­ру, өнім өткізу нарығын кеңейту үшін жаңа өндірістерді орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, биыл «KaспиМұнайКапитал» ЖШС мұнай-газ секторына қажет құрал-жабдықтарды шығару  жобасын жүзеге асырды. «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ алюминий қайықтар өндірісін игерді. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС итальяндық «SIGME» компаниясының жабдықтарын пайдалана оты­рып, көлденең дөңгелек қи­малы эмальданған алюминий сымдарын шығару жобасын жүзеге асыруда. «Оралагрореммаш» АҚ арнайы мақсат­тағы көліктерге қызмет көрсететін сервистік орталық құруды жоспарлап отыр. «PetrolValves» ЖШС фланецтер, жүк салғыштар, шкоктар өндірісін дамытуды жоспарлап отыр. Саладағы кәсіпорындарды жаңғырту бойын­ша жүргізіліп жатқан жұмыс­тар өткен жылдың қорытын­дысы бойынша еңбек өнім­ділігін 2,3 есе (4,6 млн теңге) арттыруға мүмкіндік берді. Машина жасау саласының барша қызметкеріне өңір экономикасының дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтамыз, – деді Нұржан Өтепбергенов.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале