27.09.2024, 17:15
Оқылды: 12

Еңбек күні: казталовтық Нұржан Кабенұлы – ғұмырын ауылшаруашылық саласына арнаған жан

Қай сала болмасын оның қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Кәсіби маман өз мамандығына жауапкершілікпен қарайтын болса, сол кәсіптің биік шыңына шығатыны сөзсіз анық.

06765D01-8E60-4428-B988-6EF6F89C2AA1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында: «Қарапайым еңбек адамына лайықты құрмет көрсетіп, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасауымыз қажет. Нақтырақ айтсақ, еңбек адамының заңдық құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау, өмір сүру сапасын жақсарту керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», - деген еді.

Жаздың аптап ыстығына, қыстың қаһарлы суығына қарамай еңбек етіп жүрген адам қашанда сый-құрметке лайық. Себебі адам несібесін еңбектен ғана таба алады. Бостандық ауылының тұрғыны, бақташы Нұржан Кабенұлы жас кезінен еңбекке араласып, саналы ғұмырын ауылшаруашылық саласына арнап келеді.

– Бала кезімнен еңбекке ерте араластым. Себебі әке-шешеміз кішкентайымыздан адал еңбек ету арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болатынын құлағымызға құйып отырды. Міне, ауылшаруашылық саласында 1984 жылдан бері еңбек етіп келемін. Көктем де қар еріп, тоң жіби бастағаннан қар түскенше ауыл тұрғындарының сиыр малын бағып келе жатқаныма 10 жылға жуық болыпты. Сиырды өріске сәуір айының ортасында шығарып, жерге алғашқы қар түскенше бағамыз. Таңертең сиырды сағат 6-да жайлауға, кешкі 8-де ауылға айдап алып келеміз. Кешке қарай тұрғындардың малын қайтарамыз. Малын қарсы алып жатып алғысын айтқанда күні бойы шаршағаныңды ұмытып, бір марқайып қаласын. Дегенмен кез келген жұмыстың оңайы жоқ, оның қиындығы да қатар жүретіні анық. Адам өзінің жұмысына жауапкершілік танытып, сүйіспеншілікпен қараса ғана мамандықтың кәсіби шыңына жете алады. Тек оған шыдамдылық пен төзімділік керек. Өзімнің балаларыма да, өсіп келе жатқан жастарға да нәпақаларыңды маңдай тер, адал еңбекпен табыңдар деп айтып отырамын, - дейді кейіпкеріміз.

Гүлнұр Бөлешова

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале