Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісі – Еңбек күні болып бекітілген. Бұл мереке адал қызмет қылып жүрген әрбір адамның еңбегінің шырайын шығарып, қолдап, қолпаштап, шабыттандыруға бағытталған. Яғни, осы күн қарсаңында әр түрлі сала мамандарына ерекше құрмет көрсетіледі.
Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиев осы мерекеге орай бірқатар мекеме, бөлімдерге барып, ұжымдарды құттықтап шықты. Атап айтсақ, аудандық ХҚКО, Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы, жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша аудандық бөлімшесі, №23 Шыңғырлау аудандық өрт сөндіру бөлімі, орман және жануарларды қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі, «Шыңғырлау Комтехсервис» мекемесі, «Қазақстан Темір жолы» АҚ аудандық филиалы, «Қазпошта» АҚ бөлімшесі, «Қазақтелеком» АҚ бөлімшесі, аудандық газ учаскесі, БҚО электр желілерін таратушы компаниясы АҚ филиалы, «БатысЭнергоРесурсы» Шыңғырлау аудандық энергиямен қамту тобының, Шыңғырлау шекара заставасы, комендатурасы, бақылау бөлімшесінің ұжымдарына алғысхаттарын, гүл шоқтарын табыс етті.
Сондай-ақ аталған мекемелерде талай жылдар жұмыс жасап, ауданға еңбегі сіңген ардагер мамандарға ерекше ілтипат көрсетіліп, құттықтау хаттары табысталды.
– Сіздерді Еңбек күнімен шын жүректен құттықтай отырып, саналы жылдарыңызды халыққа қызмет етуге жұмсап, ауданымыздың қоғамдық-саяси серпілісіне белсене араласып, аудан тұрғындарының әл-ауқатының ұдайы жақсаруына қосқан үлестеріңізді құрметтей отырып, көп жылғы елеулі еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, бейбітшілік пен береке тілеймін!, - деп шын алғысы мен ақ тілегін жеткізді аудан басшысы.
Әрбір ел азамат, азаматшаларының еңбегінің арқасында алға жылжып, дами береді. Еліне, халқына аянбай қызмет етіп жүрген әр адам қашан да құрметке лайық.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы