1.10.2024, 10:45
Оқылды: 24

Оралда әнші-термешілер байқауы өтті

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші-термеші асыл бейнесі жұрт жадында жатталып қалған Қалампыр Рахимованың 75 жылдығына арналған «Ақ Жайықтың ақкербезі» атты республикалық әнші-термешілер байқауы өтті.

D0B4006B-53FE-4470-A637-25275B08BCDA

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев, Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев, сондай-ақ Қалампыр Рахимованың сіңілісі Жаңылсын Рахимова мен терме сүйер тыңдарман қатысты.

Байқауда 13 пен 16 жас аралығындағы мектеп оқушылары бақ сынады. Астана, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек, Казталов, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарынан және Орал қаласынан оқушылар өтініш білдірген. Байқау талаптарына сәйкес келген 18 үміткер таңдалып, өнерлері сыналды. Бірінші кезеңнен сүрінбеген 10 үміткер салтанатты кеште өнер көрсетті.

Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әнші-термеші Қатимолла Бердіғалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, әнші-термеші, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Қайрат Какимов, ҚР мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық жыршы-термешілер байқауларының лауреаты Фархат Оразов пен Шыңғырлау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімов қазылық етті.  

Қазылар алқасының шешімімен Казталов ауданынан келген Аяжан Елемес байқаудың бас жүлде иегері атанды. 1 орынды Шыңғырлау ауданының жас өнерпазы Сұлужан Жәдігер қанжығалады. Ал ақтөбелік қатысушы Құрманғазы Ислам мен астаналық Толғанай Есілбай 2 орынды иеленсе, Бәйтерек ауданының қатысушысы Ақкенже Қонысбайқызы, оралдық Әлихан Дагаров, маңғыстаулық Арайлым Айса жүлделі 3 орынға ие болды. Жеңімпаздарға естелік мүсінше мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Қалампыр Рахимова 1949 жылдың 1 қаңтарында Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында дүниеге келіп, әйгілі Аққұм жағасында өскен. Ғ.Құрманғалиевтің алғашқы нәзік жанды шәкірті болған. 1969 жылдан бастап республикалық «Гүлдер» ансамблінде халық әндерін орындап, елге танылған.

«Ақ Жайықтың ақкербезі» атанған әнші гастрольдік сапарда жол апатынан небәрі 39 жасында көз жұмды. Ол туралы естеліктер мен өміршең әндер жүректен өшпейді. Дәстүрлі әнге бетбұрыс жасаған келер ұрпақ та оның атын мәңгі ұмытпайды.

Нұрым Ғұмар

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале