1.10.2024, 13:00
Оқылды: 123

Егістік алқаптары жиі өртенеді – маман

Облыста өрттің шығуына негізінен тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болып отыр. Мысалы, биыл отты ұқыпсыз пайдаланудың салдарынан 83, электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандықтан 219, пештерді орнату және пайдалану кезінде ережелерді бұзғанның кесірінен 41 оқиға болған.

A4D3CEB9-8CC2-40E2-ADCA-F63F9C0719F1

Қыркүйектің 16-сындағы жағдай бойынша өңірде 480 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Тілсіз жаудан 3 адам қаза тауып, 6 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Өрттен келген материалдық шығын көлемі – 473 032 400 теңге. Былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда өрт оқиғасы 16,7%-ға, жарақат алғандар саны 20%-ға артқан, ал қаза болғандар 62,5%-ға (2023 ж. – 8) төмендеген. 2024 жылы тұрғын үй секторындағы өрт 13,5%-ға артқан. Мәселен, былтыр бұл уақытта 244 өрт болса, биыл 277 өрт дерегі  тіркеліпті. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 300 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 7 заңды тұлға мен 46 адамға 3 147 430 теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

– Биыл өрт қауіпті кезеңде облыс аумағында жалпы ауданы 7050 гектар жерде 17 табиғи өрт және 90 жану оқиғасы болды. Материалдық шығын көлемі – 228 200 теңге. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, дала  мен егіс алқабында өрт саны артып отыр. Даладағы өрт санының көбеюіне ыстық ауа райының ұзақ сақталуы, найзағайдың түсуі, сондай-ақ құрғақ шөптің қалыңдығы, техникалардың ақауы ықпал етуде, – деп баяндады облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Жұмағалиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Мереке Бауыржанұлының мәліметінше, биыл департаменттің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен 962 656 000 теңге бөлінген. Бір авариялық-құтқару көлігі, жеті тіркемелі мотопомпа және басқа техникалар сатып алынуда.

Тікұшақ қызметтеріне жергілікті бюджеттен 80 млн 821 мың теңге қаржы бөлініпті. Бұдан бөлек, 150 аспалы өрт сөндіргіш сатып алуға жергілікті бюджеттен 8,6 млн теңге қаржы қарастырылып отыр. Соңғы 5 жыл ішінде 1200-ден астам аспалы өрт сөндіргіш сатып алынған.

Департамент қызметкерлері алқаптарда ақауы бар техникаларды пайдаланғаны үшін 34 адамды ҚР ӘҚБтК-ның 589-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Биыл жоспарланған бес өрт сөндіру бекетінің екеуі Жәнібек және Бәйтерек аудандарында құрылған. Енді бұл жұмыс Бөрлі, Жаңақала және Казталов аудандарында атқарылуда.

Басқарма бастығы өз сөзінде қауіпсіздік ережелерін атап көрсетіп, тұрғындардан оларды қатаң сақтауды сұрады. Мәселен, саяжайларда, сенбіліктерде, табиғат аясында демалғанда қоқыс пен құрғақ шөптерді өртемеу, жанып жатқан отты қараусыз қалдырмау қажет. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау керек.

БҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы М.Жұмағалиев жылу беруге дайындық барысына да тоқталды.

«Облыс аумағында өткен жылу беру кезеңінде 175 өрт оқиғасы тіркеліп, онда 4 адам қаза тауып, 3 адам жарақат алды. Жыл сайын жылу беру кезеңі 15 қазанда басталады. Алайда департамент жылыту кезеңіне дайындықты 15 тамыздан бастайды. Алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарын, сосын төтенше жағдайларға бейім тұрғын үйлерді қамтиды. Биыл аталған санаттағы 630 отбасы есепке алынды. Өрттен адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алуға бағытталған іс-шаралардың бірі – тұрғын үйлерде улы газ датчиктерін орнату. Биыл әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғын үйлерге 54 датчик орнатылды. Бұл жұмыстар Бөрлі, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандары мен Орал қаласында жүргізілуде», – деді басқарма бастығы.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале