Деркөл кентіндегі Көкжиек шағынауданында көктемде баспаналары суға кеткен 15 отбасыға су жаңа тұрғын үйлердің кілті табыс етілді. Бұл үйлерді Алматы қаласындағы «Алтын орда» базарының құрылтайшылары тұрғызды. Демеушілер әр үйге тұрмыстық техникаларды да тарту етті.
– Бүгін – баршамыз үшін қуанышты күн көптен күткен қоныстой! Көктемгі су тасқыны кезінде «Алтын орда» базарының құрылтайшылары келіп, қандай көмек керек екенін сұраған еді. Сол кезде баспана салуға қолұшын беруді сұрағанбыз. Азаматтар айтқан сөздерінде тұрып, үйлерді түгелдей салып берді. Облыс халқының аты-нан демеушілерге шексіз алғысымды айтамын. Елімізде береке-бірлік, тыныштық болсын. Шаңырақтарыңыз құт-берекеге толсын! – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
«Алтын орда» базарының құрылтайшысы Еркебұлан Хамзин де тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Ол облыс басшылығының баспана салу үшін жер бөліп, инженерлік желілерді өткізіп, үлкен қолдау көрсеткенін атап өтті.
Жаңа баспанаға ие болған отбасылардың атынан сөз алған Ләззат Қарашбаева:
«Қысылтаяң шақта біздің барлық талап-тілегімізді тыңдап, жағдайымызды жасаған ел азаматтарына алғысымды айтамын. Еңбекте табысты болыңыздар. Бүгін – ақ түйенің қарны жарылған күн. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын», – деп алғысын айтты.
«Речник» саяжайында тұрған Абат Мағзомовтың да үйі көктемде суға кетіп, тұруға жарамсыз болып қалған.
«Күні бүгінге дейін пәтер жалдап тұрдық. Енді міне, үш бөлмелі жаңа үйге қоныстанып жатырмыз. Үйді тұрмыстық техникалармен де жабдықтап қойған. Жұбайым екеуміз бес бала тәрбиелеп отырмыз. Бір ұлымыз әскерде, екі баламыз мектеп бітірді, екі кішкентайымыз – оқушы. Қуанышымызда шек жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және өңірдегі билік басындағы азаматтарға халыққа жасаған қамқорлығы үшін алғысымыз шексіз», – деді жаңа қоныс иесі.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловтың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен 2300-ден астам отбасыға баспана берілген, 500-ден астам үйге жөндеу жүргізуге көмек көрсетілген. Сондай-ақ 10 000-ға жуық адамға 100 АЕК шамасында қаржылай көмек және 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтемақы төленген.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz