Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне орай мерекелік шара өтті. Болашақтың іргетасын бүгін қалап, білім нәрін шәкірт бойына сіңірген, ұстаз деген ұлы есімді иеленген, мейірімді мұғалімдерге кәсіби мерекелері қарсаңыда ерекше құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев ұлағатты ұстаздарды құттықтап, ықылас гүлін ұсынды.
- Ұстаз – ол қадірлі маман, ал ұстаз болу – қасиетті міндет. Сіздердің кең пейілдеріңіз әр баланың жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапақат нұрын төгуде. Мұғалімнен білім алған әр шәкірт өмір теңізінде жол көрсеткен ұстазымен мақтанады. «Мектептің жүрегі, баланың бағбаны» деген теңеу бекер айтылмаған. Бүгінде ауданымыз бойынша жылма жыл білім беру саласының материалдық техникалық базалары жаңартылып, балаларға, ұстаздарға, келешек ұрпақтың сапалы білім алуына жағдайлар жасалуда. Және де ауыл балаларына көп үміт артылып, ұстаздарына сенім нығайып, мәртебелері жоғарылауда. Бұл сіздердің елеулі еңбектеріңіздің жемісі. Біз өз елінің патриоты, тәрбиелі, білімді ұрпақ өсіп келе жатқанына қуанамыз. Осы орайда дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңзге сәттілік тілеймін! Еңбектеріңіз әрқашан жоғары бағаланып, шәкірттеріңіздің сүйіспеншілігіне бөлене беріңіздер!,- деп тілек білдірді аудан әкімі.
Салтанатты шара барысында қызметінде жоғары нәтижелер көрсетіп, ерекше көзге түскен, еңбегі елеулі ұстаздарға облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің, аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің, БҚО білм басқармасы атынан, аудандық білім бөлімі атынан құрмет грамоталары және ҚР оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төсбелгілері табысталды.
Марапаттау рәсімінен кейін мереке иелеріне арнайы дайындалған концерттік бағдарлама қойылды.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы