Референдумда байкерлер де белсенділік танытты. Мичурин ауылдық округінің жас мотошабандоздары №164 референдум учаскесіне келіп өз таңдауларын жасап, дауыс берді.
- Мичурин ауылында «Бәйтерек» байк клубы биыл құрылған болатын. Құрушы, ұйымдастырушы жас кәсіпкер Ербол Құспанов. Қазіргі таңда құрамында 11 байкер бар. Мақсаты – ауыл жастарының арасында бұқаралық спортты дамытып, бос уақыттарын қызықты өткізу. Осы орайда айту керек, қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Бүгінгі саяси науқанға да өздері бас қосып, тілек білдіріп, арнайы уақыт белгілеп қатысуда. Сондай-ақ ауылымыздың ұйымшыл жастары кеше көктемгі су тасқыны кезінде де су шығару, бөгет көтеру жұмыстарында аянбай атсалысты. Осындай ұйымшыл, аудан өмірінде белсенді кейінгі толқынның қалыптасып келе жатқаны қуантады,-дейді округ әкімі Максим Мусалимов.
Дәл қазіргі уақытта Мичурин ауылдық округінде референдум жалғасуда. 6 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Оған дауыс беруші ретінде 7828 адам тіркелген. Әр сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтарға арнайы кабина мен бұрыш жасақталған.
Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы