Сонау 1952 жылы жердің полигон аумағына берілуіне орай халқы мәжбүрлі түрде қоныс аударылып, аудан ретіндегі мәртебесінен айырылып, көршілес аудандарға қосылып, кейін араға жиырма жыл салып, енші алған ауданымыздың аяққа тұрып, бойын тіктеуіне еселі еңбек етіп, тер төккен алыптарымыздың ғасырлық тойында еңбектерімен есімдері еленген азаматтарымызға «Бөкей ордасының құрметті азаматы» атағының берілуі де жарасымды болды.
Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің ұсынбасы негізінде Бөкей ордасы аудандық мәслихатының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі №22-5 шешімімен Қазболат Хабиев, Мәлік Момынов, Жамбыл Насимоллин және Әсима Ламашеваларға Бөкей ордасы ауданының «Құрметі азаматы» атағы берілді.
Мәртебелі марапатты аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева табыстады.
Құрметті азаматтарды қайтара бір таныстырып жіберсек, артық етпес. Қазболат Хабиев – саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған жан. 1972 жылы Орда ауданы қайта құрылған кезде Б.Жәнекешев атындағы кеңшардың бас агрономы болып, одан әрі ауданда түрлі лауазымдарда еселі еңбек еткен. Кейін жеке шаруа қожалығын құрып, зейнетке шыққан.
Мәлік Момынов те – еңбекпен ес жиған азаматтардың бірі. Тоқырау жылдарынан кейін «Ораз» шаруа қожалығын құрып, күні бүгінге дейін қазақтың ақбас асыл тұқымды мал шаруашылығымен өсірумен айналысып келеді. Қолы ашық, қамқор жан. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы мен қайырымдылық шараларына белсене қатысып, демеушілік жасайды. Ауылдастарын тұрақты түрде баспасөзге жазып қана қоймай, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға тегін қысқы отын, жем-шөппен қатар, малдай және ақшалай қолұшын беріп, көмектесіп келеді.
Ал Әсима Ламашева – медицина саласының ардагері. Қырық бес жыл аудандық ауруханада қызмет еткен. Әсетқызының өлшеусіз еңбегі әр кезде елеулі. Ол – ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері.
Марапат иелері атынан сөз алған Жамбыл Насимоллин жергілікті билікке алғысын білдірді.
Салтанатты жиын аудандық демалыс орталығы көркемөнерпаздарының әзірлеген «Тарихтың кені – тұңғыштар елі» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Ұлпан Әнуарқызы
Суретке түсірген Эльдар Сатқанов