8.10.2024, 17:16
Оқылды: 133

Шыңғырлауда «Ойна, шырқа, оркестр» концерті өтті

Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі Шыңғырлауда болып, тамаша кеш өткізді. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған «Ойна, шырқа, оркестр» атты концерттік бағдарламасымен батыс өңірінің елді-мекендеріне сапар шегіп жүрген ұжым, ауданымызға да табан тіреді.

461870318_1968902280188197_6800869922069818603_n

Алыстан ат артып, Ақ Жайық өңірінің өнерін арқалай келген, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның басшысы Бауыржан Халиолла бастаған өнерпаздарды Шыңғырлау елі құшақ жая қарсы алды.    

Аудандық мәдениет үйінде өткен кешке жиналған көрермен қатары қалың болды. Кеш тізгінін ұстаған ҚР «Мәдениет саласының үздігі», қызыл тілді шешен, күйші Дәулеткерей Құсайынов әдеттегідей ерекше форматта, жоғары деңгейдежүргізіп, әр өнерпаздың мерейін асырып таныстырса, әр шығарманың тарихынан сыр шерте отырып, хабарлап кештің сәнін келтірді.

462000419_1968902543521504_2816986941530115412_n

Көрермен жүргізушінің әр сөзін ұйып тыңдап, кештен рухани байып шықты. Құрманғазының «Серпер» күйімен шымылдығы ашылған концерт Ғарифолла Құрманғалиевтің туындыларымен, халық әндерімен, түрлі күй-термелермен жалғасын тапты. Әрине кеште орындалған әрбір туынды халықтың жүрегіне жетіп, көңіліне орнықты. Бұл – әр шығарманы бабымен, нақышына келтіріп орындаған оркестр өнерпаздарының, күміс көмей, жезтаңдай әнші-термешілердің еңбегі.

Олар – бас дирижер «Құрмет» орденінің иегері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев, филармония әншілері, «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Таудаева, Қайрат Кәкімов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері — Сағадат Рахметжанов, Күләш Қуанышқалиева, Айбар Хайырханов, Айдана Ажғалиева, дирижерлер ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Асылхан Қазиев, Жарас Сатыбалдиев.

Сондай-ақ оркестрдің мүшесі, домбырашы, шыңғырлаулық Назымбек Сатпанов Сейтектің «Торы ат» күйін орындап, өз жерлестерін тағы бір қуантты.

462213830_1968902690188156_474520170607777446_n

Осындай өнерлі жұлдыздардың басын қосып, барлығын бір кеште көріп, өнерін тамашалауға мүмкіндік берген осы іссапардың нәтижелі болғаны сөзсіз. Себебі халық дән риза. Ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалған тамаша туындылардың тыңдап, «жанды музыкамен» сусындаған көрерменнің ыстық ықыласын тоқтаусыз қошеметтерінен байқадық. Өнерпаз үшін ең үлкен марапат ол халықтың ризашылығы болса, әдемі кеш сыйлаған қонақтарға шыңғырлаулықтар ең жоғары баға берді.

461999052_1968902216854870_4548013223975474056_n

Шара соңында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев сөз сөйлеп, ұжымға алғысы мен ризашылығын жеткізіп, ықылас гүлін, алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыс етті. Сөз алған Бауыржан Халиолла да ұлттық өнерді бағалайтын, түсінетін, мәдениетті көрерменнің Шыңғырлауда екенін айта келе, аудан әкімдігінің көрсетіп жатқан ерекше қолдауы үшін өз атынан, ұжым атынан алғысын жеткізді.

«Шыңғырлаудың жеті кереметіне пара-пар тағы бір кереметі – халқының шапалағы» деп баға берген өнерпаздар «Жақсы күндерде жолыққанша!» деп еліне аттанды.

Гүлжазира Асу

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале