Қысқы азығын қамдаған жұртшылыққа Шыңғырлау ауданы орталығында сенбі сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкенің септігі тиіп-ақ тұр. Күзгі жиым-терім әлі де саудаға шығарылып жатыр.
Аудан орталығында жеке кәсіпкерлер мен тұрғындар жәрмеңкеге құрт-айран, сары май, ірімшіктен бастап қой мен сиырдың етін де әкелуде. Саудалаушы жұртшылықтың да қарасы көп.
Әсіресе, қызанақ, қияр, картоптың саудасы қызып тұр. Картопты 120 теңгеден 140-160 теңгеге дейін саудалауға болады. Жұртшылық Башқұртстанның қызыл картобына қызығушылық танытып жатыр.
Қызынақтың да бағасы 350-ден басталады. Қысқы ас мәзіріне ащы-тұщысын дайындауға асыққандардың қарасы әлі де баршылық.
– Шыңғырлаудағы әр сенбі сайын өткізілетін жәрмеңке туралы естіп арнайы келдік. Әсіресе бізге керегі қызынақ еді, мұнда 350 теңгеден басталады екен келісі. Біздің Ақсайдан мұндай бағаны емге таба алмайсыз. Алмасының бағасы да қолжетімді. Картопты да мешоктап алдық. Әсіресе, жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін еттің бағасын айтсаңшы. Келгенімізге өкінбейміз, - дейді Ақсай қаласынан келген Маржан есімді замандас.
Иә, күн райы да қабағын беріп тұр. Әлі де етек-жеңін кеңге салып жүргендер болса бұл да бір табиғаттың қарасқаны. Қара суық түскенше жәрмеңке жалғаса бермек.
Гүлшат Ибрагимқызы
Шыңғырлау ауданы