Бөкей ордасы ауданында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, қоғам қайраткерлері А.Құсайынов, М.Насимоллин, Қ.Ғайсин, Р. Егізбаевтің 100 жылдығы және К.Меңдәлиевтің 110 жылдығына арналған «Өлмейтұғын артына із қалдырған ...» деген тақырыпта аймақтық ақындар айтысы өтті. Аймақтық аламанды айтыскер ақын, өнер жанашыры Дәулеткерей Құсайынов тізгіндеді.
Айтысқа Райымбек Өтепов, жәнібектік Мұрадым Мирланов, бөкейлік Жоламан Сисенғалиев пен Талғат Мықи, атыраулық Шалқарбай Ізбасаров, ақжайықтық Айнабек Бисенғалиев, Жарқынбек Шынтаев, Эльдар Ихсанов, жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов пен Данияр Нысанғалиев, теректілік Әділ Ахметов, сырымдық Бауыржан Ширмединұлы қатысты.
Сөз додасына «Ерен еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі» медальдерінің иегері, Халықаралық ақын-жыршылар одағының облыстық өкілі, «АТАМЕКЕН» өнер ордасының директоры Бауыржан Халиолла төрағалық еткен қазылар алқасы төрелік етті.
Алқа құрамында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, айтыстың ақтаңгері, жерлесіміз Жансая Мусина мен «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, мәдениет саласының ардагері, ақын Сайлау Мұхтаров да бар.
Жалпы, айтыс қиқулап үн қосқан көрермен қауымның көңілінен шықты.
Атап айтқанда, Айнабек Бисенғалиев пен Бауыржан Ширмеденұлының, кеш қонақтары Талғат Мықи мен Шалқарбай Ізбасаровтың сөз барымтасы барша халықтың қолдауына, қазылар алқасының таңдауына ие болды.
Жарқынбек Шынтаев, Данияр Нысанғалиев пен Әділ Ахметовтер ынталандыру сыйлығын иеленді.
Райымбек Өтепов, Мұрадым Мирланов пен Жоламан Сисенғалиев ІІІ орынға, Эльдар Ихсанов ІІ орынға, Бауыржан Ширмеденұлы І орынға лайық танылды.
Бас жүлде Ақжайықтан келген Айнабек Бисенғалиевтің қанжығасына бұйырды. Бүгінгі айтыстың қонақтары Шалқарбай мен Талғатқа арнайы жүлде (500 000 теңге) табысталды.
Өзіне деп еншілеген жылқыдан бас тартып, жолын ұстазы Бауыржан Халиоллаға ұсынған Жансаямызды да құр қол жібермеді.
Аудан басшысы ақын қызымыздың иығына камзол жапты.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы
Суретті түсірген Эльдар Сатқанов