9.10.2024, 11:30
Оқылды: 58

БҚО әкімі Жаңақалада «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен кездесті

Ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы Жаңақала ауданында сәтті жүзеге асырылып жатыр.

eba01de9-f161-449b-b812-c88fbff7ca3e

Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау, жаңа технологиялар енгізу, жергілікті өнімнің сапасын жақсартуға бағытталған жоба игілігін көрушілер аз емес.

Жаңақала аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиеваның айтуынша, былтыр аталған жоба аясында ауданда 46 жоба іске асырылған. Биыл тағы 96 жоба дайындалған.

– Былтыр «Ауыл аманатына» 86 жоба тапсырылған. Оның 46-сы қаржыландырылды. Биыл 96 жобаның құжаты дайын. Кәсіп бастағандардың нобайы ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, сүтті бағыттағы мал басын өсіру және қызмет көрсету ісіне бағыттады. Былтыр қаржыландыру алған екі ауыл шаруашылығы кооперативі құрамына кірген 46 жеке кәсіпкердің 44-і алған қаржыны игеріп, кәсібін сәтті жүзеге асырып жатыр, - деді Светлана Бекқалиева.

«Ауыл аманаты» алыс ауылдардағы инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жоба елдің экономикалық тұрақтылығын арттырып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға да оң әсер етеді. Аталған бағдарламаның игілігін көріп отырған Көпжасар ауылының тұрғыны – Мариям Мусина.

ada0be8e-1bec-4003-b0fd-dc897e878cf4

Былтыр жобаға құжат тапсырған ол шағын цех ашып, ет өнімдерін өндеуді жолға қойған.

– Негізінен қазы-қарта, қақталған қазы, шұжық шығарамыз. Көбіне тапсырыспен жұмыстанамыз. Облыс орталығындағы жәрмеңкеге тауарымызды апарып тұрамыз. Апта сайын бір ірі қара және бір жылқы сойып, етін өңдейміз, - дейді Мариям Мусина.

Бір жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан Мариям апамыз ауылдың үш тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

cb7e723f-5531-4578-af68-0c954e6e1602

Ауданға барған сапарында өңір басшысы Нариман Төреғалиев «Ауыл аманаты» жобасы қатысушыларының шығарған өнімдерінің таныстырылымына қатысты.

Өңір басшысы әр тауар өндірушімен жеке тілдесіп, жобаның тиімділігі мен артықшылықтары жайында сұрап білді. Өз өнімдерін таныстырған ауыл тұрғындары пікірлері мен ұсыныстарын да жеткізді.

– «Ауыл аманаты» жобасы пилоттық жоба ретінде ашылғанымен өз тиімділігін көрсетті. Ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік – ел экономикасының негізі. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын жаңғыртуға үлкен үлес қосатын кәсіп иелеріне қолдау көрсетіледі, - деді облыс әкімі.

Жоба өнімінің таныстырылымынан соң Нариман Төреғалиұлы тауарлық несие алуға құжат тапсырған ауыл тұрғындарына арнайы сертификаттар табыстады.

Түгелбай Бисен

Суреттерді түсірген Айзада Ақбасова

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале