11.10.2024, 14:45
Оқылды: 11

Теректіде әдеби-сазды кеш өтті

Теректі ауданында ақын, Ақжайықтың ақ шағаласы, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жасқа толуына орай әдеби-сазды кеш өтті. 

IMG_5186

Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, ақ жаулықты әжелер мен қазақтың қара домбырасын күмбірлеткен өнерпаздар ақынды құрметпен қарсы алды. Аудандық кітапхана дайындаған көрмемен танысып, «Менің Фаризам» кітабын қолтаңбасымен табыстады.

Сахна шымылдығы ақынның сөзіне жазылған әндермен ашылды. Аудан өнерпаздарын сүйемелдеген Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестріне, дирижері Еркін Нұрымбетовке көрермендердің ықыласы ерекше болды.

IMG_5323

Жанды дауыста жан жылытқан әндерден соң жас ақындар ақынға арнау өлеңдерін оқыды. Нақтырақ айтсақ, аудандық «Ғазал» жас ақындар клубының мүшелері Дәурен Шамұратов, Нұрым Ғұмар, Нұрдана Темір, Альфия Бимұхан, Әділ Ахметов пен Ақтілек Әлібекұлы мұң мен сырын өлең арқылы жеткізді.

Жас ақындарға соғылған қошеметтен кейін «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі биден шашу шашты. Бишілер «Шаттық» биін билеп, Ақұштап Бақтыгерейқызын сахна төріне шығарды.

IMG_5282

Елге алып-ұшып жеткен алаштың ақын қызы жерлестерімен сәлемдесті. Кеш жүргізушісі Әділет Орынбасаровтың сұрағына тік тұрып жауап берген ол ана, қыз тәрбиесіне кеңірек тоқталды.

IMG_5485

– Барлық іс-шараны тоқтата тұрып, туған жеріме келгім келді. Сіздерді сағындым. Бірнәрсе дәметіп, өзімді көрсеткелі келмедім. Осы кеште жұртшылықпен сырласып, еш боямасыз мұң шаққым келді. Расы керек, соңғы уақытта мені ұлт тәрбиесі қатты толғандырып жүр. Қазақтың жерінде осы тәрбиеге қатысты қанша сұмдық болып жатыр. Мұның бәрі тамырдан ажырап, тағылымнан қол үзгеніміздің кесірі ғой. Қазақ қыздарының үлгісі жаңа ғана ұлттық құндылықтарды алға оздыра билеген арулар. Қазақ жігіттерінің үлгісі қызды сыйлап, ананы қадірлейтін балалар болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, барлығы керісінше болып тұр ғой. Соған менің жүрегім қан жылайды. Ойлаймын. Айтамын. Айналайындар-ай, кітап оқиықшы. Кітапханаға жиі барайықшы. Біздің іздегенміздің бәрі әдебиетте, тарихта ғой, - деп ұлт болашағына, қыздар тәрбиесіне алаңдап, көңілі босады.

Еркін бағыттағы сұқбат барысында мерейтой иесі өзінің 80 жасы қарсаңында Ақжайық ауылында ашылған Әдебиетшілер үйі хақында ой бөлісіп, жас ақындарға кеңес берді. Өңіріміздің руханияты тұралап қалмай, қарыштап дамуы үшін жүзеге асатын жұмыстарды тізбеледі.

IMG_5231

Киелі сахнаға енді ғана қадам басқан кезде ақын теректілік жас әнші Айсезім Тілекқабылға ақ батасын беріп, «Бибігүл – бұлбұл шықты Ақжайықтан» деп, дүйім елден сүйінші сұраған еді. Кеште ақ батаны арқалап, өнерін одан сайын дамыта түскен бірнеше байқаудың жүлдегері Айсезім Айбекқызы да төбе көрсетті. Ақын анамыз бұл жолы да Айсезімнің маңдайынан сүйіп, өзіне берілген гүлшоқтарын тарту етті. Ақынның жары Ғабдрахим Жаңбыраев та риза болып, қолдау мақсатында ақшалай сыйлық берді. 

Әрмен қарай Ақұштап Бақтыгерейқызы өзінің өлеңдерін оқыды. Оның ішінде теректілік өлең сүйер қауымға «Әділет» өлеңі ерекше әсер етті.

– Ішінде ең күрестің де, жеңістің де,

Сұмдықпен шаршап кейде келістің бе?

Сен маған жолығарсың, жолықпассың,

Әйтеуір, болсаң екен жер үстінде, - дейді ауыр күрсініспен…

IMG_5370

Ақынның мерейлі жасына байланысты облыс көлемінде түрлі байқаулар мен мүшәйралардың өтіп жатқаны мәлім. Туған топырағы да қарап қалмағаны рас. Теректі ауданының кітапханасы ақынның өлеңдерін оқудан, ақынға өлеңдерін арнаудан облыстық байқау жариялап, жүлдегерлер анықталған еді. Кеште жүлдегерлер де өнерлерін паш етіп, жарыса жыр оқыды.

Ақұштап Бақтыгерейқызы оларды өзу марапаттады. Сонымен, байқаудың «Жырымды сізге арнадым» 1-бағыты бойынша 3 орынды Шыңғырлау ауданының ақыны Самат Байболатов місе тұтса, 2 орынды казталовтық Ернәсіл Рысқалиев еншіледі. Ақжайық ауданының қос ақыны Мейірман Шакенов 1 орынды, Бекболат Қаленов бас жүлдені иеленді. Ал 2-бағыт бойынша 3,2,1 орындарға ақжайықтық Мансұр Борис, тасқалалық Махамбет Мұханбетов, теректілік Айым Бекболатов лайық болса, бас жүлдені оралдық Нұрзия Оразәлиева қанжығасына байлады.

Марапаттаудан кейін өңіріміздің мақтанышы, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филормония әншісі Жанылсын Хасанова «Ақжайыққа жыр арнағым келеді» әнін шырқады. Ақынның әр сөзі Оралға, туған жерге арналды. Алматының асқартаулары ұйқысынан оянғанда менмұндалайды-ау… Бірақ Оралдың ерке самалы аңсатпай қоймайды.

Ақұштап Бақтыгерейқызының жүрекжарды сөзінен осыны аңғардық. Кеш соңында Гүлназ Құсайынова мен шәкірті Зейнеп Есболат «Оралдың ерке самалы» әнін орындады. Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова ақынға алғыс айтып, аудан жұрты атынан иығына камзол мен ақ орамал жапты.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале