15.10.2024, 17:15
Оқылды: 106

Бөкей ордасында қарияларға құрмет көрсетілді

Қайырымдылық айында қарияларымызға арналған тағы бір тамаша шара өтті. Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, танымал кәсіпкерлер Елтай Қонақбаев пен Бибігүл Жұмағұлованың демеушілігімен Сайқын ауылының аға буынына қонақ асы берілді.

IMG-20241015-WA0042

Бірден айталық, бұл қыстың ызғары бар күздің салқынында жүректерге көктемгі шуақ, жаздың жайдарлы шақтарын сыйлаған керемет шара болды. Ақжаулықты аналарымыз есіктен кіріп келе жатып-ақ, балаларындай, тіпті немерелеріндей боп келетін ұйымдастырушыларға аналық алғысын үйіп-төгіп жатты. Шара басталмай жатып-ақ көптен көріспеген үзеңгілер бір-бірімен құшақ жая амандасып, мәз-мейрам болды.

IMG-20241015-WA0054

– Сайқын ауылдық округінде 681 зейнеткер болса, бүгінгі мерекелік дастарханға 150 аға-апаларымыз шақырылды. Бір айта кетерлігі, бұл шараға жетпістен жоғары жастағыларды ғана қамтидық, - дейді ұйымдастырушылар.

IMG-20241015-WA0038

Мерекелік дастарханда сөз алған аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:

– Бүгін біз қандай жетістікке жетсек, сол жақсылық, жетістігіміздің іргетасы – сіздердің маңдай терлеріңіз. Біз бүгін өркениетке, дамыған  елдердің қатарына ұмытылсақ, ол сіздердің еңбектеріңіздің даңғыл жолы, сіздерден бізге жалғасқан өнегенің үндестігі. Біз өздеріңізге қарап, бой түзейміз, құрмет тұтамыз, - деді.

IMG-20241015-WA0049

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков еңбек күнімен басталып, қайырымдылыққа ұштасқан қазан айының ғибратты ай екеніне тоқталды.

IMG-20241015-WA0059

Шараның басты демеушілері Елтай Қонақбаев пен Бибігүл Жұмағұлова ауылдың қазына кеуде қариялары мен ақжаулықты аналарына игі тілектерін арнады.

Аға буын атынан сөз алған Жаңбырбай Камалов, Жасқайрат Сұлтанғалиевтер аудан әкімі бастаған ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.

IMG-20241015-WA0044

Бұл кеште ауданымыздың өнерпаздары әннен шашу шашса, «Ару ана» әжелер ансамблі де өз өнерлерімен кеш көрігін қыздырды.

Аға буын әдемі әуенге вальс билеп, ретро-әндерді шырқап, бір серпіліп қалды. Би билеп, белсенділік танытқандары сый-сыяпатқа ие боп, олжалы қайтты.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале