Аудандық мәдениет үйінде Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен Жымпиты халықтық театрының белді мүшесі, облыстық халықтық театрлар фестивалінің «Ең үздік актері» аталымының иегері Көпболсын Мұхамедовты еске алуға арналған «Өнер деп туған ұл еді» атты іс-шара өтті.
Аудандық мәдениет үйінің залына жиналған халық алдында ең алдымен көңілді толқытарлық, Көпболсынын сағынған жұртшылықтың жанарына жас келтіретін сахналық қойылым қойылды.
Сахна төрінде Көпболсын Нариманұлы қолданған сахналық киімдер мен музыкалық құралы орын алған.
Ал, Көпболсынның бір топ әріптестері Батырхан Қайыров, Анар Сұлтанғалиева, Айгүл Лұқпанова, Қайрат Илашев, Мұрадым Ғұбайдуллин, Алмаз Жұмагелдиев әріптеске деген сағыныштарын өлең жолдарымен жеткізсе, Қадыр орталығының қызметкері, республикаға танымал айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев өмірден ерте кеткен Көпболсынға арнауын арнап, халықтың жүрегін бір бұлқынтып тастады.
Иә, мына жалған дүниеде 43 жыл ғана өмір кешіп, жарық жұлдыздай ағып өткен Көпболсын Мұхамедов жөнінде кеш барысында әріптестері, достары, ағайын-тумалары көптеген естелік айтты. Көпболсын шырқаған, «Ақ ниет» әжелер ансамблі айтқан әндер сахнада әуелеп, Көпболсын сомдаған қойылымнан үзінділер көрсетілді. Мәселен, осылардың арасында Көпболсын Мұхамедов Шәмші бейнесін сомдаған И.Сапарбаевтың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмасын ерекше айтар едік.
Осы драмалық қойылым 2010 жылы облыстық халық театрлар фестивалінде 100-ге жуық үміткерлердің ортасында ең жоғары бағаланып, Шәмшіні сомдаған Көпболсын Нариманұлы «Ең үздік актер» аталымын жеңіп алды. Міне, дарын, талант, өнер деген осы емес пе?
Бұл кеште Көпболсынын сағынған азаматтар қатары көп болды.
Сахна төрінде сөз алғандар Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов, аталмыш театрдың актер әншісі Мусағали Бектенов, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенов, облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Батырхан Қайыров, тағы басқа да ағайындар қамшының сабындай жалған дүниеде аз ғана ғұмыр кешкен Көпболсынның өнер, театр сахнасында өшпестей із қалдырғандығын, құлаққа жағымды қоңыр дауысы әлі күнге дейін жаңғырып тұратындығын әсерлі жеткізді.
Еске алу шарасында достары атынан Лида Нұрмұханова арнау өлең оқып, ұлы Райымбек әкеге деген сағынышын әнмен жеткізді.
Кеш барысында Көпболсын жүргізген шаралар бейне баян арқылы көрсетіліп, шырқалған әндерін өнер жұлдыздары тағы бір мәрте орындап, еске түсірді. Кешке жиналған халайық шараны ұйымдастырған мәдениет қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.
Ал, қонақтар Көпболсынның жары Лалагүлге жүрек жарды алғыстарын айтып, құшақ толы гүл, сый-сияпаттарын табыс етті.
«Орнында бар оңалар», - дегендей, соңында өшпестей із қалдырған өнер жұлдызы, театр саңлағы Көпболсын Нариманұлының ұлы Райымбек әке жолын жалғастырып, бүгінде Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында қызметте болса, қызы Әспет жоғары сынып оқушысы, аудан орталығындағы би үйірмесінің белді мүшесі.
Көпболсынын сағынған халық бұл кеште өмірден ерте кеткен майталман өнер иесіне тағзым, құрметін көрсете білсе, ағайын-тума, бауырлары шараны ұйымдастырушыларға отбасы атынан алғыстарын жаудырып жатты.
- Көпболсынға арналған шара, құрмет мұнымен шектелмек емес, жалғаса береді, оның есімі мәңгілік жадымызда, - деген тілекпен халайық тарасып жатты.
Мүсірбек Әлібекұлы,
Сырым ауданы