18.10.2024, 12:30
Оқылды: 50

Ғалымдардың зерттеулері бар, оны орындайтын адам жоқ...

Фейсбук әлеуметтік желісіне Бөкей ордасы ауданынан дала еркесі – киіктің шыр айнала жүгіріп, одан кейін құлап қалған бейнежазбасы жарияланды. Оған көпшілік киіктің ауруы мал-жанға жұқпай ма деп алаңдаушылық білдіруде. Шынында да, қазір оңтүстік аудандарда ақбөкендер төрт түлік малмен араласып жайылып жүр. Сондықтан нақ осы бейнежазбаға қатысты  облыстық ветеринария басқармасына түсінік беруді сұрап хабарластық.

03f18f4a-d1ba-4bd2-981f-1afe9d0f007a

Аталмыш басқарма басшысы Абзал Бралиев әлеуметтік желідегі елді шошытқан бейнежазбаны көріпті. Ондағы көрсетілген киікте «ценуроз» ауруының клиникалық белгілері байқалатынын айтты. «Ауру киіктің шеңбер бойымен қозғалуы, жүгіріп келе жатып кенеттен құлап қалуы, сыртқы әсерлерге реакциясының болмауы жабайы жануардың миының зақымдалғандығын көрсетеді. Бірақ аурудың нақты диагнозы зертханалық тексерулер нәтижесінде айқындалуы тиіс. Ценуроз (айналма, миқұрт) – күйіс қайыратын үй және жабайы жануарлардың бас миын, жұлынын зақымдайтын паразитарлық  ауру. Ауру қоздырғышы – «Coenurus cerebralis» таспа құртының ларвоцисталары. Таспа құрттың жетілген сатысы иттің және жабайы етқоректі жануарлардың (қасқыр, түлкі, т.б.) ішегінде тірлік етеді. Таспа құрттың жұмыртқалары ауру етқоректілердің нәжісімен жайылымға, суға түсіп, үй және жабайы күйіс қайыратын жануарларға жұғады, олардың өліміне әкеледі. Иттер мен жабайы етқоректі жануарлар ценуроздан өлген жануарлардың басын жеп, кеміру арқылы зақымданады.

Ценуроз ауруы киіктен тікелей үй жануарларына немесе адамға жұқпайды. «ҚР Ветеринария туралы» заңына сай жергілікті жердегі басқармаға қарасты мал дәрігерлері өздері қызмет көрсететін аумақтардағы өсіріліп отырған ауыл шаруашылығы жануарларына қатысты ветеринариялық іс-шараларды жүргізеді. Киіктер мемлекеттің ерекше қорғауындағы жабайы жануарлар және оларды күтіп-өсірумен «Охотзоопром» арнайы мекемесі айналысады. Сондықтан жергілікті жердегі мал дәрігерлерінің өздігінен, жеке-дара киіктер ауруын анықтауға, сынамалар алуға немесе өзге де ветеринариялық іс-шаралар жүргізуге құзіреті жоқ.

Ветеринария басқармасы өңірдегі мал аурулары жағдайына тұрақты бақылау жүргізіп отыр. Сонымен қатар үй және жабайы жануарларға ортақ жұқпалы аурулар болуына байланысты киіктер ауырған жағдайларда да мал дәрігері мамандары тиісті уәкілетті құрылымдармен бір­лесіп қызмет жасайды. Бүгінгі күнге Бөкей ордасы ауданы бойынша эпизоотиялық жағдай қалыпты, бақылауда. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының, сонымен қатар киіктердің  арасында қауіпті жұқпалы аурулар немесе жаппай жануарлар өлімі тіркеліп отырған жоқ», – деген жауапхатта Абзал Бралиев.

Өлексенің кездесуі табиғи процесс

Бөкей ордасы жеріндегі шаруалардың айтуынша, киіктердің өлексесінің көптеп  кездесуі – заңды процесс. Төрт түлік мал да кей аурулардан немесе қартайып өледі. Темір Масин округі Бөрлі ауылындағы «Сисенғалиев» шаруа қожалығының жетекшісі Исатай Сисенғалиев даланы тақырға айналдырған ақбөкендердің кесірінен кей шаруашылықтар малды сатып, облыс орталығына маңдай түзеген. Өйткені жайылым жоқ. Тіс шұқыр тал жоқ, тек жусан ғана қалған.

ef48490d-a7cf-4ada-bcfb-527ccf9cee5a (1)

– Айнала толған өлексе. Жинап жатыр, бірақ барлығын бір мезетте жинауға үлгермейді. Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, Еділ мен Жайық популяциясында киік саны 200 000-нан аспауы керек. Ал қазіргі кезде бұл арада 5 млн дала еркесі (5 есе көп) желдей кезіп жүр.  2024 жылдың  1 сәуіріндегі ресми статистикалық мәлімет бойынша Бөкей ордасы ауданында – 14276, Жаңақалада – 21639, Жәнібекте – 14303, Казталов   ауданында 27077 халық тұрады. Барлығы – 77295 адам. Ал өңірдегі киік саны биылғы  өрген лағымен  қоса алғанда 4 миллион деп алайық. Сонда киік санын осы 4 ауданның халық санына бөлсек, адам басына 52 бас киіктен келеді. Ал  20 000 000 Қазақстан халқына бөлсек, 5 адамға 1 киіктен келеді.

Әзірге ақбөкендерден ауру жұғып, мал қырылған жоқ. Нарын құмын кең жайлаған көршілес Атырау облысындағы Сүйіндікте ондай жағдайлар болғанын білеміз. Ки­іктерден жайылымды қорғайын деп Ақкөл, Оспан, Қадырқұл деген нүктелеріндегі 51, Тәнкіштегі 25 шақырым жерімді қызғыштай қорып, электр бақташымен қоршадым. Бәрі бекер, 30 млн теңгеге қоршаған ток қоршауды дала еркесі быт-шыт қылып үзіп кетті. Бұлай жалғаса берсе, мал ұстайтын жайылым, шабындық қалмаса, жұрт не істейді? Шекара өтіндегі ауылдардан адам көшсе, жеріміз бос қалмай ма? Қалаға кеткен кісінің кейін қайтуы неғайбыл. Киіктердің текелерінің 70-80 пайыздайы күйектен кейін өледі. Далада өліп жатқан киіктердің мүйізін жинап, 4-5 мыңға өткізіп, пайда таппақшы болған шаруалар істі болып, мойындарына пәленбай миллион ілінуде. Өмірінде мылтық ұстап көрмегендер осылайша жазықты болып отыр. Ауылда артты жаза алғандар бар. Қарап отырсам, елдің бәрі киік киелі дейді. Жылқыны да, түйені де, жалпы төрт түлікті киелі дей­міз, бірақ сойып жейміз ғой. Киікке келгенде неге солай? Еліміздегі халықтың 95 пайызы киіктің жағдайын, одан қандай қиыншылықтарға тап болғанымызды білмейді. Тек 5 пайыз халық, соның ішінде  мал өсіретіндер ғана дала ешкісінен зардап шегіп, шырылдап жүр. Киік деген жануардың көктемде туған лағы күзде  қашып кетеді. Олар бір туғанда ешкі сияқты 2-3 лақтан туады. Кеңес заманында киіктің санын реттеу үшін атып, халыққа сатып отырды. Үкімет бұл мәселені реттемесе, даламыз, ауылдарымыз қаңырап қалмасына кім кепілдік береді? – деді Исатай Сисенғалиев.

Резерваттан зертхана ашу керек

«Охотозоопром ӨБ» РМҚК-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалы киікті қорғау жұмыстарымен айналысады. Жабайы жануарлар егістікке түсіп кеткен жағдайларда, соларды айдап шығады. Өлекселерін жинайды. Бірақ бұл мекеменің ветеринарлық бөлімі жоқ. Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рақымжановтың айтуынша, ветеринарлық бөлім ашу мәселесі жоғарыдағыларға жеткізілген. Бірақ әлі өзгеріссіз. Аумақтық инспекциядағылар «Охотозоопром» филиалының жұмысына бақылау жасайды. Негізі мемлекеттік құрылымдардың киікті қорғау, сақтау және киіктер өлген жағдайда олар­дың төшкелерін жою, зарарсыздандыру жұмыстарын өзара үйлестіру сызбасы жасақталған. Ақбөкендер жаппай қырылған жағдайда мемлекеттік құрылымдар осы сызба бойынша өзара үйлесімді қимылдайды. Киіктерді сақтау мақсатында ашылған «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватында ғылым және ветеринария бөлімі бар. Ауру шыққан жағдайда өлекседен сынама алынып, Астанадағы зертханаға жолданады. Оның да машақаты көп, сынаманы сақтайтын тоңазытқыш жоқ. Әрі оны күн ыстықта туу алыс жерге жеткізу де оңай емес.  Сондықтан резерваттан зертхана ашу керек. Ресми дерек бойынша, өңірде 2 млн 300 бас киік бар. Сонша жабайы жануардың арасында шығын болмай тұрмайды», – деді Нұрлан Сағынтайұлы.

Десе де, ақбөкендердің далада жосып жүргенін, кейде олардың шаруашылықтардың малына араласып жайылатынын көріп жүрміз. Жалпы, киіктердің аурулары зерттеле ме? Олардың арасында қандай аурулар жиі таралған? Осы сұрақтарды Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің  профессоры,  ветеринария ғылымдарының  докторы Қайсар Көшәлиевке қойдық. Ғалымның айтуын­ша, аталмыш ЖОО-ның ғалымдары 2021-2023 жылдары Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министр­лігінің гранттық қаржыландыруы бойынша «Ақбөкендердің гельминтоз инфекциясын диагностикалаудың кешенді әдістері және Орал популяциясы және алдын алу шараларының алгоритмін жасау» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеулер барысында гельминтоздардың үй жан­уарлары мен Орал популяциясының киіктері арасында ценуроз, мониезиоз және эхинококкоз кең таралғаны анықталды.

Ақбөкендердің аурулары зерттеле ме? 

– Жануарлар арасында гельминтоздардың болуына байланысты ақбөкендер қоныс аударатын жерлерінде ауыл шаруашылығы жануарларының жайылатынын ескере отырып, киіктер арасындағы патогенді гельминттерді анықтау мақсатында жыл сайын эпизоотологиялық мониторинг жүргізу қажет. Паразиттік аурулардың алдын алу мақсатында өңірдегі ауылдық округтерде төрт түлік малды және иттерді дегельминтизациялау, жабайы және қаңғыбас иттерді біржола жою, мал қораларын дезинфекциялау, дератизациялау және дезинсекциялау, ауылдық округтердегі жануарларды суару жұмыстары ұйымдастырылуы керек. Батыс Қазақстан облысында үй және жабайы жануарлар арасында кең тараған эймериозбен күресу үшін эймериозға қарсы профилактикалық препараттарды (кокси-диостатиктер) қолданған жөн. Табиғи биоценоздарда жабайы иттерді жою, өлген жабайы жануарлардың төшкелерін жинап, өртеу қоймаларына немесе  Беккари шұңқырларына көму, ауру және өлген жануарлардың орналасқан жерлерін дезинфекциялау, GPS навигаторының көмегімен көметін орындарын белгілеген дұрыс. Жайылымдарда өлген жабайы және үй жануарларының өлекселерін өртеу аса қауіпті жұқпалы аурулардың, соның ішінде адамдар мен жануарларға ортақ аурулардың (сібір жарасы, эхинококкоз және т.б.) алдын алудың негізі саналады, – деді Қайсар Жәлит­ұлы.

Ғалым ақбөкендердің қоныс аударуы кезеңінде аурулардың алдын алу шараларын жүргізуге ерекше назар аудару қажет деп санайды. Жануарлардың ценуроздан, мониезиоздан, эймериоздан өлгенін байқағанда, құрамында фенбендазол бар препараттармен дегельминтизация, қой мен ірі қара малды эймериозға қарсы препараттармен емдеу арқылы үй және жабайы жануарлардың денсаулығын жақсарту шараларын бастаған жөн. Құрамында антигельминтик бар тұзды брикеттерді ақбөкендердің қоныс аудару жолдарының бойымен орналастыру қажет, бұл ақбөкендерді бір мезгілде дегельминтизациялау кезінде оларды минералды-тұзбен қоректендіруге мүмкіндік береді. «Фенасол» антигельминтиктері бар тұзды брикеттерді («ҚазНИВИ» ЖШС өндірушісі) әр түрлі жастағы ақбөкендер ұсталатын питомникте пайдаланылған. Қорықтарда, табиғи саябақтарда және басқа да ерекше қорғалатын аумақтарда мекендейтін жабайы жануарларды дегельминтизациялау үшін құрамында антигельминтикалық және фенбендазол препараты бар тұз блоктарын қолданудың тиімділігі Беларусь, Польша және Қазақстан ғалымдарының зерттеулерімен дәлелденген.

Ғалымның сөзіне сүйенсек, киіктердің ценуроз жұқтыру деңгейі жоғары болған жағдайда  облыстың ауылдық округтерінде иттерді дегельминтизациялау шараларын жүргізу, ал табиғи биоценоздарда тек өлген киіктердің өлекселерін жою және жабайы иттер мен қасқырларды біржолата жою шаралары жүргізілуі керек. Сондай-ақ ақбөкендермен ортақ жайылымдарда инфекцияның таралуын болдырмау үшін жылына кемінде 2 рет (көктемде және күзде) құрамында фенбендазол бар антигельминтиктермен ірі қа­ра  малды жалпы дегельминтизациялау қажет. Ақбөкендер санының шамадан тыс көбеюіне байланысты жабайы киік фаунасының санын реттеу жəне есепке алу бойынша шұғыл шаралар қабылдау жəне жануарларды табиғи ортадан шығаруға рұқсат алу қажет», – деді Қайсар Жәлит­ұлы.

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Батыс Қазақстандағы об­лыстық филиалының басшысы Арман Қожахметовтың айтуына қарағанда, аталмыш кәсіпорында бірде-бір ветеринар жоқ. Ондай штат қаралмаған. «Ветеринар маман керек екендігін тиісті орындарға айтып, мәселе қойдық. Әзірге өзгеріс болмай тұр», – деді ол. Міне, ғалымдардың зерттеулері бар, ал олардың ұсынбаларын орындайтын маман жоқ. Киесі бар киіктерді сақтаймыз деп жүргенде, төрт түлікті қырып алмайық!

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале