18.10.2024, 13:00
Оқылды: 163

Бөкей ордада жаңа сот ғимараты ашылды

Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімінің қырық жыл жөндеу көрмеген ғимараты күрделі жөндеуден өтсе, аудандық соттың су жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

IMG-20241018-WA0125

Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР сот әкімшілігі басшысының орынбасары Жантемір Шакиев, Батыс Қазақстан облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Оразова, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Алтынай Дәулетова, ҚР сот әкімшілігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Айдар Тыныбаев және көршілес Жәнібек, Жаңақала және Теректі аудандарының сот төрағалары қатысты.

IMG-20241018-WA0136

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев:

– Судьялардың әлеуметтік жағдайы, соттардың материалдық-техникалық базаларын жақсартуда бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Соның бір дәлелі – осы аудандық сот ғимаратының ашылуы. Алдағы уақытта басқа аудандарда да дәл осындай сот ғимараттары салынатын болады. Сот қызметіне жүгінген азаматтар әділдіктің сарайына кіргендей сезінсін, сіздер де «тура биде туған жоқ» деген атадан аманат болған қағидатпен жұмыс жасап, заң аясында әділ шешім қабылдайды деп сенемін, - деді өз сөзінде.

ҚР сот әкімшілігі басшысының орынбасары  Жантемір Шакиев пен облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Оразова да жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасып, тілектерін білдірді.

IMG-20241018-WA0124

Ауыл тұрғындары атынан сөз алған Рахымжан Кенжеғалиев құрылыстың басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

Айтып өтелік, сот ғимаратының құрылысына 274 млн 602 мың теңге бөлінген. Құрылысты жүргізген – «Символ» ЖШС.

IMG-20241018-WA0120

Аталмыш серіктестіктің басшысы Есқайыр Елемесов аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Марат Шыңғалиевке ғимарат кілтін табыстады.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале