22.10.2024, 11:45
Оқылды: 140

Батыс Қазақстанның шекарадағы аудандары: жобалар, жетістіктер, мәселелер

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бөкей ордасы ауданына жұмыс сапарымен барды. Ауданда бірнеше нысанның ашылуына қатысып, кейін тұрғындармен кездесті.

М Салык (5)

Полиция ғимараты жаңарды

Былтыр Бөкей ордасы ауданында өткен жергілікті халық пен облыс әкімінің кездесуінде мәслихат депутаттары аудандық полиция бөлімі ғимаратының күрделі жөндеуді қажет ететінін айтты.

Аталған мәселе көп ұзамай шешілетінін жеткізген өңір басшысы құқық қорғаушылар ғимаратын жөндеу үшін қаражат бөлдіртуге ықпал етті. Содан  биыл мамыр айында ғимаратты жөндеу басталды. 1980 жылы салынған ескі ғимараттың осы кезге дейін тек төбесі ғана жөнделген.

– 40 жылдан астам уақыт бір сылақ көрмеген полиция бөлімінің ғимараты қыста өте суық болды. Уақтылы бөлінген қаражаттың арқасында тұрағымызды жаңалап-жаңғыртып алдық. Бұл жұмысты атқаруға облыс қазынасынан 200 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді, – деді облыстық полиция департаменті қаржы басқармасының бастығы, полиция полковнигі  Қуат Қарақойшиев.

Осы кезге дейін құқық қорғаушылардың басты мәселесінің бірі болған жайт оңынан шешілді. Есік-терезесі жаңарды. Су, кәріз жүйелері ауыстырылды, құқық бұзғанды қамайтын орын да жаңа кейіпке енді. Одан бөлек компьютерлер сатып алынды.

Бөкей ордасы ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен полиция ғимаратына арнайы тоқтады.

– Полицей жұмысының қандай қиын екені баршаға аян. 40 жылдан астам уақыт ескі ғимаратта отырған құқық қорғаушылардың мәселесін оңынан шештік. Елдің тыныштығын сақтау бағытындағы жұмысыңызға сәттілік тілеймін, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Сонымен қатар өңір басшысы алдағы уақытта полиция құрылымдарының материалдық-техникалық әле-уетін жаңартуға күш салынатынын айтты.

 Сайқын төріндегі жылыжай

М Салык (3)

Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында тұратын Таңатаровтар отбасы 2019 жылы қайтарымсыз грант алып, ауласында көкөніс өсіруге арналған жылыжай ашады. Осы кезге дейін олар ау-
дан ауылдарын көкөніспен қамтып келді. Биыл кәсібін кеңейтуді көздеген отбасы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 7,1 миллион теңге көлемінде несие алды. Соның арқасында жылыжай аумағы кеңейді. Өсірілетін көкөніс түрі көбейді. Қазіргі таңда Таңатаровтар отбасы ордалықтарды қияр, қызанақ, пияз, баялды сияқты өнімдермен қамтамасыз етуде.

Еңбек адамын құрметтейтін облыс әкімі Нариман Төреғалиев Сайқын ауылына барған сапарында Таңатаровтар отбасының жылыжайына арнайы тоқтады. Осы күні тауар ассортиментін ұлғайтқан кәсіпкерлер тірі көкөністі емес, оның тұздалған түрін де сатуға шығарған. Ауылдың екі тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен. Жылыжай көлемін ұлғайтқан кәсіп иелері жылына 20 тонна көкөніс өндіреді.

– Көкөніс өсіріп кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Тауарымызға сұраныс жақсы. Көп адам тіке үйімізге келіп жаңа жиналған өнімді сатып алады. Артылғанын түрлі жәрмеңкелерге шығарамыз. Болашақта арнайы биогумус өндіріп, тауар сақтайтын қойма салуды жоспарлап отырмыз, – деді кәсіпкер отбасының отағасы Оразбек Таңатаров. 

Ауылды ғана емес, ауданды көкөніспен қамтып отырған отбасы жұмысына ризашылығын білдірген облыс басшысы қазіргі таңда тауар өндірушілер өз өнімдерін «ҚПО б.в.» компаниясына сата алатынын айтты. Сонымен қатар кооперативтер құрып, лизинг арқылы қажетті техника алатын мүмкіндік бар екенін жеткізді.

– Биыл алғаш рет кооператив құрамындағы кәсіпкерлерге техника алып бердік. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері. Шағын және орта бизнес ел дамуына оң ықпал етеді. Жоғарыда айтқан лизинг арқылы техника алып беру жұмысын жалғастыра береміз, – деді Нариман Төреғалиев.

Жылыжай иесі Оразбек аға тауарды сату, өсіру кезінде ешқандай қиындық жоқ екенін айтты. Тек Ресей жағынан келетін токқа қарап отырғандықтан көрші елде жарық өшкенде жылыжай жарығы да сөніп қалады екен. Сол мәселені шешуді ғана сұрады. Өңір басшысы аталған мәселе алдағы уақытта оң шешімін табатынын жеткізді.

Жол мен киік мәселесі шешілсе...

Одан соң аудандық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізген аймақ басшысы аудан әкімінің осы кезге дейін атқарған жұмысы жөніндегі есебін тыңдады. Тындырылған істер аз емес. Кезегін күткен мәселелер де бар. Ауданға құйылған инвестиция да артып келеді. Биыл негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3 миллиард теңгеден асқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі де артып, 100 миллион теңгеге таяған. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 22 пәтердің құрылысы көп ұзамай аяқталады.

Десе де әлі күнге дейін аудан аумағындағы жол мәселесі шешілмей келеді. Бөкей ордасы аумағындағы жолдардың жалпы ұзындығы – 385 шақырым. Оның 124-і республикалық, 116-сы облыстық, 145-і аудандық маңыздағы жолдар. Қазіргі уақытта «Өнеге-Бисен-Сайқын» рес-
публикалық маңызы бар жолдың 103 шақырымына асфальттың бірінші қабаты төселді. Қатқыл жолдың екінші қабаты төселуде. Жыл соңында аталған аутожол пайдалануға берілмек.

– Ауданымызды облыс орталығымен байланыстыратын екінші бағыттағы «Бисен - Жаңақала» жолының бірінші 30 шақырым бөлігінің күрделі жөндеуі биыл басталды. Қазіргі таңда мердігер жер дайындау жұмысын атқаруда. Одан бөлек 4,2 шақырым жерге айналма жол салынады. Ауа райы қолайлы болып жатса, бұл іс ары қарай  жалғасады. Аталған жолдың маңызы зор. Өйткені ол бағытта ауданның 8 округі орналасқан. Сол елді мекен тұрғындарының Орал қаласына жеңіл қатынауы жөнделіп жатқан жолға тікелей байланысты, – деді аудан әкімі Нұрлыбек Даумов.

Одан бөлек Хан Ордасы ауылына баратын ұзындығы 21 шақырымды құрайтын кіреберіс жолды жөндеу басталды. Қазіргі уақытта аталған учаскенің 15 шақырымы қырылып, тегістелді. Ал 6 шақырымына қиыршық тас төселіп, 640 метр асфальт түсті. Сонымен қатар тағы 5 шақырым бөлігінің астыңғы қабаты дайындалуда.

IMG_0919

Аудандық маңызға ие Мұратсай ауылының 18 км кірме жолын күрделі жөндеу де басталды. Аудан әкімдігі ауылішілік жолдарды салуға да үлкен көңіл бөлуде. Биыл Хан Ордасы ауылының 2 басты көшесіне асфальт төселді. Қазіргі таңда жол жиектерін реттеу және жол белгілерін орнату жұмыстары жүріп жатыр.

– Былтыр Сайқын ауылының 11 көшесіне асфальт төсеу басталып, 3 көшеге жер негіздері (ҚСҚ, қиыршық тас)төселді. Алайда мердігердің жауапсыздығына байланысты биыл жұмыстар мардымсыз жүрді. Аталған мердігер компанияны жосықсыз деп тану үшін талап арыз сотқа бері-
ліп, бүгінгі күнге дейін 3 сот отырысы өткізіліп, келісімшарт бір жақты бұзылды.

Сонымен қатар Бисен ауылының 6, Хан Ордасы ауылының 5, Сайқын ауылының 5 көшесін жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өткізілді. Келер жылы қаржы мәселесі оң шешілетін болса, бұл жобалар жүзеге асырылады, – деді аудан басшысы.

Осы кезге дейін ауданның басты мәселесінің бірі болып келген жол мәселесінің біртіндеп шешіліп жатқанын айтқан Нариман Төреғалиұлы мердігерлердің жұмысын мықтап қадағалауды тапсырды.

Аудан әкімі өз баяндамасында бірреттік жәрдемақы мөлшерін көбейту ауданға
дәрігерлерді алдыруға оң септігін тигізгенін атап өтті. Соның арқасында былтыр аудандық аурухана ұжымы екі дәрігермен толыққан. Биыл тағы 5 дәрігер жұмысқа орналасқан.

– Бірреттік жәрдемақы көтерілгенінің арқасында ауданға стоматолог, фтизиатор, жалпы тәжірибе дәрігері, анестезиолог-реаниматолог және дәрігер-статист  келді. Қазір олар елге қызмет көрсетіп жүр, – деді Нұрлыбек Даумов.

Аудандағы негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Биыл 9 айда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4 млрд 733 млн теңгені құраған. 561 шаруа қожалығы бар. Оның 45-і асыл тұқымды мал өсіреді. Жыл басынан бері 8 қожалық 479 бас қазақтың ақбас қашарын сатып алды. Шаруаларға мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында өткен кезеңде 531 млн 182 мың теңге субсидия төленді.

– Өкінішке орай, биыл ауданымызда қуаңшылық орын алып, шөп шығымы мардымсыз болды. Оған қоса киіктердің көбеюі, шөпті таптауы да кедергі келтіруде. Осыған байланысты  ауданда төтенше жағдай жарияланып, жеке қосалқы шаруашылықтарға және шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.  Қазіргі уақытта жеке қосалқы шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында өзге аудандардан 13 мыңнан астам орама шөп тасымалданды. Облыстық бюджеттің резервінен бөлінген қаржы арқылы ауданның шаруа қожалықтарына мал азығын дайындауға кеткен шығындарын өтеу үшін 1 млрд 38 млн теңге көлемінде қаражат төленді. Жалпы аудан бойынша 2024-2025 жылдың мал қыстағына 188,1 мың тонна мал азығы қажет. Бүгінгі күні 159,2 мың тонна мал азығы дайындалды.  Қазіргі уақытта жем әкелу, қысқа қосымша шөп қорын ұйымдастыру бағытында қажетті шараларды қолға алдық, – деді аудан әкімі.

Одан бөлек аудан шаруалары өздерінің материалдықтехникалық базасын жаңартуда.  Жыл басынан лизинг арқылы және жеке қаражатқа 89 дана техника алынған.

Аудан басшысы өз сөзінде жердің тарлығы мал санын өсіруге, ауылдардағы жайылым мәселесінің ушығуына әсер етіп жатқанын да атап өтті.

– Бүгінде тұрғындармен кездесулерде жиі көтерілетін сұрақтардың бірі – жайылым тапшылығы. Осы орайда ауылшаруашылық жерлерін пайдаланбай отырған 5 шаруа қожалығының 4 мың гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Жыл басынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 11 мың га құрайтын 7 жер телімі конкурсқа шығарылды, – деді Нұрлыбек Даумов.

Бөкей ордасы ауданы әкімінің былтырғы есептік кездесуінде Ұялы және Саралжын ауылдық округтерінің тұрғындары ауылда электр жарығы өшкен кезде байланыс және мобильді интернет те бірге жоғалатынын айтқан еді.  Бұл мәселе осы күні шешімін тапқан.  Аталған ауылдардағы ұялы байланыс резервті аутономды электр қуатымен қамтамасыз етілген. Десе де, шешімін таппаған мәселелер де бар. Соның ең бастысы – электр желілерінің жағдайы. Ауданда 1990-1992 жылдары тартылған 1254 шақырымды құрайтын электр желілерінің 88%-ы тозған.

– Биыл Ұялы ауылында 2 км 500 метр электр желілері ауыстырылып, 92 жаңа бағана қойылды. Жыл аяғына дейін Бөрлі, Үштерек және Сейтқали ауылдарында 285 бағана және 4 км 300 метр электр желілерін ауыстыру жоспарланды, – деді аудан басшысы.

Одан соң сөз алған облыс әкімі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу, өндіріс көлемін ұлғайту, ауылдарды көркейту бағытында тыңғылықты жобалар жүзеге асуы тиіс екенін айтты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы жөнінде кең мағлұмат берген Нариман Төреғалиұлы аталған бағдарламаға соңғы екі жылда 7 млрд
теңгеден астам қаржы бөлініп, 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылғанын жеткізді. 

– Ауылда тұрған соң мал өсіру берекелі болады. Алайда мал өсірумен ғана айналыспай, оны тиімді пайдалану арқылы өнім шығару бағытын дамытуымыз керек. Менің айтпағым, сол – жоғарыда аталған бағдарламаға бөлінген қаржының 90%-ға жуығы мал шаруашылығына бағытталған. Бірақ біз ауылда бау-бақша егу, қызмет көрсету нысандарын ашу, күнделікті тұрмысқа және құрылысқа қажетті заттар өндірісін іске қосу сияқты нақты ауылды көркейтуге бағытталған істерді жандандыруымыз қажет. Осыған байланысты биылдан бастап, бағдарламаға  өзерістер енгізілді. Енді мал шаруашылығы бағытындағы жобаларды қаржыландыру 50 пайыздан аспайтын болады. Ал қалған қаражат әлгінде айтып өткенімдей, ауылдағы кәсіптің өзге бағыттарына жұмсалады, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Өңірде электр қуатына тапшылық бар. Ресейге ішінара тәуелді қос ауданның бірі Бөкей ордасы ол мәселені түпкілікті шешу үшін шетелдік инвестормен келіссөз жүргізіліп жатқанын облыс басшысы бұл ауданда да айтты.

Аудандағы 17 мектепте 2600-ден астам бала оқиды. Білім ошақтарын жөндеу рет-ретімен жүзеге асырылуда. Дегенмен, ауданда жөндеуді қажет ететін мектептер мен балабақшалар әлі де бар. Тұрғындар аталған мәселені өңір басшысына жеткізді.

Осы сауалға жауап берген әкім күрделі жөнделеді екен деп нысанды түгелімен бұзуға, әлі пайдаға асатын мүлікті жарамсыз деп тануға болмайтынын айтты.

– Күрделі жөндеуге жабылатын мектептерді аяқтай барып көріп кетемін. Кей білім ошақтарындағы шойын батареяларды әлі 40 жыл пайдалануға болады. Теп-тегіс етіп төселген жаңа кафельдер де жатады. Жөндер кезде солар да бұзылады. Ақша береді екен деп пайдасы бар нәрсені лақтыру мемлекет қаражатын желге ұшырғанмен бірдей. Сондықтан жөнделетін мектептердің сметалық құжаттамасы үтір-нүктесіне дейін сараланып жасалуы керек. Пайдаға асатын мүлік мектеп ішінде қалғаны дұрыс, – деді облыс әкімі.

Киік мәселесі де күйіп тұр. Жайылым түгілі, шабындықты таптады деген шаруалар ақбөкенді тоқтатудың өзге де шараларын жүзеге асыруды сұрады. Киікті электрбақташы тоқтатпайтынын айтқан өңір басшысы жайылым мен шабындықты қоршайтын арнайы тор алуды субсидиялау мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

Кездесу барысында өңір басшысы аудан тұрғындарының басқа да сауалдарына жауап берді.

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Жәнібек ауданына апарар жол құрылысы биыл аяқталды. Енді аудандағы барлық ауылдық округке баратын күрежолға асфальт төселмек. Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев ең алдымен елді мекендер арасын қосатын тасжолдардың жағдайымен танысты. Қазір Жәнібектен Ресей шекарасына дейінгі жол жөнделуде. Алдағы уақытта Борсы, Талов ауылдары бағытына асфальт салынбақшы. Бұл мақсатқа барлығы 4,2 миллиард теңге қаралған. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың айтуынша, былтыр ауданда қанағаттанарлық деңгейдегі жолдар үлесі 29% болса, биыл ол көрсеткіш 37%-ға жетеді деп күтілуде.

– Ауданда 34,6 шақырым жол жөнделуде. Жолдың алыстығы қажетті материал жеткізуге кедергі болып тұр. Бірақ жоспарланған жұмыс толығымен атқарылады. Осы күні ауданға қарасты 9 ауылдық округтің орталығына алып баратын жолға асфальт төселді. Алдағы уақытта Талов ауылына жол салынады, Жақсыбай ауылына барар жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда, – деді аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов.

Қазіргі таңда облыс аумағындағы 642 шақырым жолды жөндеуге 100 млрд теңге бөлінген. Өңір басшысы бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш екенін айтты.

Жәнібек ауданында болған өңір басшысы 2021 жылы салынған асфальт зауытының да жұмысымен танысты. Сағатына 90 тонна өнім дайындайтын зауыттың жол инфрақұрылымын дамытудағы маңызы зор. Биыл ауданның біраз  ауылына және көршілес Бөкей ордасына апарар жол салынуда.

Жол салушылармен кездескен өңір басшысы жоспарланған барлық жұмысты күзгі жауын-шашын басталғанша аяқтауды тапсырды.

Мембағдарлама игілігі

Былтыр Жәнібек ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 53 несие алушының құжаты мақұлданды. Оларға 230 миллион теңгеден астам қаражат берілген. Осы күні бағдарлама аясында жұмыс істеп жатқан 53 жеке кәсіпкердің 13-і 2023 жылға дейін несие алса, 40-ы ісін былтыр бастады.

– Бағдарламаның несиелік келісімшартына сәйкес қаржы алған кәсіп иесі кемінде 1 адамды жұмыспен қамтуы қажет. Осыған байланысты 2023 жылы ісін бастаған 40 жеке кәсіпкердің 26-сы жаңа жұмыс орнын ашты. Халықты жұмыспен қамту ісі жалғаса береді, – дейді Жәнібек аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Батырхан Өтеғалиев.

Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ісін бастаған 53 кәсіпкердің 38-і бюджетке 10 миллион теңгеден астам әлеуметтік және салық төлемдерін аударған. Ол мәліметті аудандық кірістер басқармасы берді. Жоғарыда аталған жоба арқылы берілген қаржының көп бөлігі ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Одан бөлек, жартылай фабрикаттар, жиһаз цехы, өрнектас дайындау және көлікке қызмет көрсету орнын ашуға жұмсалған.

Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жоба арқылы кәсіп ашқан жәнібектік ағайын шығарған өнім көрмесін тамашалады. Әр кәсіп иесімен жеке сөйлескен Нариман Төреғалиұлы бағдарламаның тиімділігі туралы айтып, іс бастаған азаматзаматшалардың ой-пікірін білді. Сонымен қатар алынған өнімді облыс орталығы мен аудан ауылдарына өткізудің жолын талқылады.

Айта кетейік, өзінің өміршеңдігін көрсеткен «Ауыл аманаты» бағдарламасы биыл да жалғасуда. Аудандық  кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Батырхан Өтеғалиевтің айтуынша, биыл аталған бағдарламаға қатысуға жәнібектік 70 тұрғын ниет білдірген. Қазіргі таңда оның 48-інің құжаты бағалаудан өтіп, оң қорытынды берілген.

– Биыл қаражат алуға ниет білдіргендер өсімдік шаруашылығы, қой, құс асырау, бордақылау ісі секілді кәсіп бастамақшы, – деді Батырхан Өтеғалиев.

Кәсіпкерлер ұсынған көрмені тамашалап болған соң өңір басшысына алдағы уақытта ауданда салынатын жаңа құрылыс нысандарының макеттері таныстырылды.

М Салык (2)

Электрге тәуелділіктен арыламыз

Ауданда 14 мыңнан астам халық тұрады, олардың негізгі күнкөрісі – төрт түлік асырап, ет пен сүтінен нәпақа табу. Биыл 9 айда ауыл шаруашылығымен айналысатын жәнібектік шаруалар 6,8 млрд теңгенің өнімін өндірген. Соның 5,4 млрд теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Жыл басынан ауданда ірі қара – 22%-ға, қой мен ешкі 11%-ға артқан. Жылқы мен түйе көбеюде. Шаруалардың ендігі міндеті – қыстақты қалыпты өткізу. Биылғы қуаңшылық пен шаруашылыққа зиянын тигізер басқа да факторлар мал азығын жинауды қиындатып отырған.

– Биылғы қуаңшылық пен киік санының шамадан тыс артуы қажетті мал азығын жинап алуға қиындық туғызды. Осыған байланысты биыл тамыздың 1-інен бастап Жәнібек ауданы аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Мал шығыны зардабын болдырмау және алдын алу мақсатында облыстық шұғыл шығындарға арналған бюджет резервінен ауданымызға 1 млрд 256 млн теңге бөлінді. Күні бүгін төтенше жағдай режімі бойынша 9 ауылдық округке 78 техника жұмылдырылып, 16800 орама шөп тасымалданды, – деді аудан әкімі Тимур Шиниязов.

Қуаңшылық пен киік саны артып, малға жем-шөп табу қиындық келтірсе де, аудан еңбеккерлері мүлде мойымайды. Нәпақасын малдан тапқан жәнібектік шаруалар төрт-түлікке қажет азықты әзірлеудің тың әдістерін қолданбақшы. Біртіндеп көпжылдық шөп егу, жаңбырлатып суару, көл-тоғандарды суландыру, шабындықтарды қоршау сияқты жұмысты іске асырмақшы.

Ауданда аграрлық саламен қатар кәсіпкерліктің де аяқ алысы ширақ. Жыл соңына дейін 445 млн теңгенің 8 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Биыл тұрғындарды жылдар бойы мазалаған жол мәселесінің шешімін тапқанын айтқан облыс басшысы ендігі міндет ауданды көрші елдің электр қуатына тәуелділіктен арылту екенін жеткізді.

– Батыс Қазақстан облысы 390 МВт электр энергиясын тұтынатын болса, екі аудан, яғни Жәнібек пен Бөкей ордасы 5 МВт электр энергиясын Ресейден алып отыр. Қазір осы мәселені шешуге қатысты бірқатар ұсынысты министрлікке жолдадық. Өзі-міздің жауапты мекеме басшыларымен бірлесіп, шешу жолын да таптық. Электр энергиясы бойынша  көрші елге тәуелділігімізден арылу жұмысын іске асыру үшін итальяндық компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Яғни инвестор газ-поршындық құрылғыны қою арқылы электр энергиясын өндіріп, екі ауданның халқын қажетті токпен қамтамасыз етеді, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Әкімнің есебінен соң кезек сауалы бар тұрғындарға берілді. Жәнібектік ағайын көтерген негізі мәселелер Жақсыбай-Сарыөзен арнасын жаңғырту, шекара бекетін жөндеу, Қамысты, Күйгенкөл ауылдарына жол салу, әлеуметтік қорғауды жақсарту, аутобус қатынасын ұйымдастыру төңірегінде болды.

– Қамысты-Орал-Қамысты бағытында №138 маршрут ұйымдастырылған болатын. Қазіргі кезде біздің ауылымыздан осы маршрут аптасына 1 рет қатынайды. Егер мемлекеттен қолдау болса, субсидия бөлінетін болса,  көлік жүргізушісі облыс орталығына қатынасты жиілетуге және билет бағасын 3200-3400-ге дейін түсіруге дайын. Оралға таксимен баруға екінің бірінің қалтасы көтере бермейді, ауылдың футболшылары да жарыстарға барады. Елге қолайлы осы маршрутқа мемлекеттік қолдау көрсетуіңізді сұраймын, – деді аудандық мәслихаттың депутаты Ринат Мұқатов.

Аталған сұраққа жауап қатқан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Тоқжанов Қамысты мен Оралды қосатын маршрутты келер жылы субсидиялау мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті. 

Негізінен аудан тұрғындары осы кезге дейін атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Мәселен, биыл ауданға 8 дәрігер келген. Оларды әлеуметтік қамсыздандыруға көңіл бөлініп, қажетті жағдай жасалған.

– Біз ауданға келгелі үш ай өтті. Бұған дейін Алматы облысының Балқаш ауданындағы Бақанас ауылында педиатр болып қызмет еттік. Жәнібек ауданына келгелі баспаналы болдық және алғашқы демеуқаржымызды алдық. Жастарды қолдап, оларға мүмкіндік беріп отырғандарыңызға рахмет, – деді дәрігер Дәрмен Келдібек.

Былтыр облыстық бюджеттен шалғай ауылдарға барған дәрігерлерге 5 миллион теңгеден бөлінген. Биыл ол сома 8 миллионға жетті.

– Биыл ауылдық жерлерде 38 медициналық нысан салынып жатыр. Медициналық нысандарды күрделі жөндеу, салу жұмыстарын ары қарай жалғастырамыз. Кейінгі жылдары ауылдарда 12 меднысан бой көтерсе, тағы 38 нысан алдағы екі жылда салынады. Жолдың шалғайлығына қарамай, ауылда еңбек етемін деген медицина қызметкерлерін қолдауды тоқтатпаймыз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі кездесуде көтерілген мәселелер мұқият зерделеніп, шешу жолдары қарастырылады деді.

Түгелбай Кенжеғалиұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале