Таяуда Өзбекстанның Бұқара қаласында қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты өтті. Ел намысын қорғаған оралдық Мөлдір Өтесбаева 70 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қола жүлде иегері атанды. Бойжеткенді Орал теміржол вокзалынан облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Махамбет Сұлтанғалиев пен спорт жанкүйерлері, Ұлттық ұлан «Батыс» ӨҚ-ның әскери оркестрі салтанатпен қарсы алды.
– Әлем шемпионатына ел спортшылары жоғары дайындықпен барды. Өзім бұл спорт түрімен 4 жылдан бері шұғылданып келемін.
Әрине, алтыннан алқа тағынып, көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелету басты мақсатым еді. Бірақ қарсыластарымыз да осал болмады. Қоянқолтық ұрысына мені дайындап, жан-жақты жетілдірген жаттықтырушым Тимур Ешовқа, мені қолдап-қолпаштаған ата-анама, жанкүйерлеріме, бозкілемдес спортшы бауырларыма алғысымды білдіремін.
Әлемдік шемпионатқа құр физикалық дайындық жеткіліксіз болады. Егер қолдаушыларым осылай әркез үміт артып, дем беріп жүрсе, бұйырса, келер жылы әлем шемпионы атанарыма сенімдімін. «Emir team» жаттығу залында спорттық қарқынымды күшейтпекпін. Бұл жаттықтыру залы 4 мыңға жуық жасты әртүрлі спорт бағытында дайындап келеді. Облысымыздан спорт шеберлері шығатынына күмәнім жоқ, – деді қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері Мөлдір Өтесбаева.
БҚО қоян-қолтық ұрыс федерациясының ұжымы қазақы дәстүрмен спортшы аруға шапан жауып, гүл шоқтарымен күтіп алды. Мөлдір – облыс тарихында қоян-қолтық ұрысынан әлем шемпионатында жүлде алған алғашқы ару. Бұған дейін Мөлдір кішкентайынан аралас жекпе-жек, бокс секілді спорт түрлерімен шұғылданған.
Әлемдік додада топ жаруына осы спорт түрлері де өз пайдасын тигізген көрінеді. Махамбет Амантайұлы: «Мөлдір Батыстың ғана емес, күллі қазақ елінің мерейін асырды. Мәншүк, Әлия, Хиуаз батыр апаларымыздың бүгінгі ізбасары. Спорттық додада өзін батырдай көрсетіп келеді», – деді.
Мөлдір Уахитқызы 12-14 шілде аралығында өткен қоян-қолтық ұрысынан ересектер арасында Қазақстан Республикасының шемпионы да атанды. Одан бөлек үш дүркін ҚР чемпионы болды.
Айта кетелік, аталмыш чемпионатқа әлемнің 34 елінен 300-ге жуық спортшы қатысқан. Еліміз бұл додада 4 алтын, 5 күміс, 19 қола жүлдені қанжығалап, командалық есепте екінші орынға ие болды.
Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz