Еліміз үшін ұлық күн Республика күні қарсаңында Хан Орда, Сайқын ауылдарының бірқатар тұрғыны баспаналы болды.
Бөкей ордасы әкімі Нұрлыбек Даумов мерекеге орай Хан Орда ауылына арнайы барып, әлеуметтік осал топтарына және мұқтаж жандарына арналған екі пәтерлі баспананың кілтін табыстады.
Су жаңа бұл үйлердің құрылысын іске асырған жергілікті кәсіпкер – Мейрамбек Шүкірғалиев. Баспана құны – 32 млн теңге. Үй баспана мұқтаждығымен кезекке алынған Гүлсара Жұмағалиева мен Айдана Қарашеваға бұйырды.
Өз кезегінде Нұрлыбек Жасқайратұлы ауыл тұрғындарын Республика күні мерекесімен құттықтап, баспана иелерінің қуанышымен бөлісті.
– Құрметті қоныс иелері! Жаңа баспана – бұл жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктердің бастауы. Құтты қоныс болып, ойлаған барлық жоспар- мақсаттарыңыз орындалсын, - деген аудан басшысы ауыл ақсақалы Ахметкерей Салауатовпен бірге лента қиып, рәсімін жасады.
Жаңа қоныстың қожайыны Гүлсара Жұмағалиева «Жергілікті атқарушы органдар арқасында баспаналы болдым» деп, аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен ауыл әкімі Әлібек Айтқалиевке ақжарма тілегін жеткізді.
Мерекелік шара баспана ауласында терек отырғызу рәсімімен аяқталды.
Дәл сондай екі пәтерлі баспана аудан орталығы Сайқын ауылында да табысталды.
– Бүгін, міне, ұлтымыз үшін ұлық мереке қарсаңында бір топ жерлесіміз жаңа баспанаға ие болып, қоныстойын тойламақшы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің әр өңірінде әлеуметтік жағынан осал топтарға арналып жаңа баспаналар бой көтеріп жатыр. Биылғы жылдың өзінде ауданымызда жаңадан салынған 22 пәтердің кілті табыс етілмекші. Бұл бағыттағы жұмыс келесі жылдары жалғасын табатын болады. Елімізде көптеген бағдарламалар, жобалар іске асырылып жатыр. Соның бірі мінеки, бүгінгі мемлекеттен қолдау, әлеуметтік осал топтар санатына жататын отбасыларға, көпбалалы аналарға пәтерлердің кілттері табысталып отыр. Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – халықтың әлеуметтік осал тобын баспанамен қамту. Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік осал топтары санатына жататын көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Мемлекеттің бастамасымен тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналып «Наурыз», «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл мемлекеттік қолдаудың айқын дәлелі, жүргізілген оң саясаттың жемісі деп білемін.
Жаңа үйлерді тұрғындарымыздың жаңа ұясы ғана емес, сонымен қатар, ауылдарымызға әр беріп қана қоймай, көшелеріміздің келбетін де көріктендіретін әсем нысандар деп білемін, - деген аудан басшысы баспана иелеріне пәтер кілттерін табыстады.
Таратып айтар болсақ, бұл күні Данагүл Ғайноллина, Гүлайым Темірболатова, Айгүл Ырзағалиева және Жадыра Қарағойшина сияқты азаматшалар баспаналы болды.
Аталмыш екі пәтерлі баспана құрылысы Есқайыр Елемесов пен Нұрберген Болатқалиевтің мердігерлігімен бой көтерген.
Еркебұлан Рахметолла
Бөкей ордасы ауданы