Бүгін Жәнібек аудандық аналар кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы Ақоба ауылында жалғасты.
Келген қонақтарды жергілікті әжелер ансамблі ән шашумен қарсы алды. Ақоба ауылдық аналар кеңесі «Отбасы – бақыт мекенім» атты спорттық отбасылық жарыс ұйымдастырды. Сайыстың негізгі мақсаты – қоғамда отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасын, ата-анасын, жақындарын бағалау, құрметтеу, отбасындағы қарым-қатынастың беріктігін нығайту.
Аталмыш шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов, аудандық «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова, мүшелері Гүлзия Хамиева, Гүлзина Ғұсманова, «Аналар кеңесінің» мүшелері Гүлнәр Хайырлиева, Рима Сұлтанова және Тау, Ақоба ауылдық аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Келген қонақтар Ақоба ауылында биыл ашылғанына бір жыл толатын Х.Халиуллин атындағы орта мектеппен танысты. Заман талабына сай салынған мектепте пәндік кабинеттер, спортзал, кітапхана және оқушыларға қолайлы үстелдер сынды бірқатар жабықтармен таныстырылды.
Республика күніне ұйымдастырылған отбасылық сайыста сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Нұрланұлы келе жатқан мерекемен құтықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әрі қарай Ақоба ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Ердәулет Мұстақ «қош келдіңіздер» айтып, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
Шара басталмас бұрын ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Ләззат Бисекова «Спорт» атты әнін шырқады. Аталған сайысқа Жәнібек ауылынан «Барыс», Тау ауылынан «Қыран», Ақоба ауылынан «Жалын» отбасылық командалары қатысты. Қызықты да тартысты додада 1 орыннан Болатовтар жанұясы (Тау ауылы) көрінсе, 2 орынды Сисеновтер отбасы (Жәнібек) жеңіп алды. 3 орынды Қойшиндер жанұясы (Ақоба ауылы) иеленді.
Жәнібек аудандық аналар кеңесінің мүшелері жеңімпаз-жүлдегерлерге диплом, кубок және естелік сыйлықтар табыс етті.
Аудандық аналар кеңесінің мүшесі Гүлнәр Серікқызы өз сөзінде отбасы – шағын мемлекет. Ол тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірім мен адамгершіліктің ордасы екенін айтып, шара ұйымдастырушыларына ризашылығын жаудырып, алғысын білдірді.
Бану Берікқали
Жәнібек ауданы