Республика күні қарсаңында облыстық байқауларға қатысқан жерлестерміз үздік шығып, топ жарды. Мереке қарсаңында мерейі үстем болғандардың бірі – Бөкей ордасы аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Динара Еділбаева.
Ол Орал қаласында өткен мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Ана тілім – арым» атты облыстық байқауға қатысып, І орынға ие болды.
Мемлекеттің тіл саясатын, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, мемлекеттік тілдің, ұлттық дәстүрдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыруды көздейтін бұл байқау үш кезеңді қамтыды.
Мемлекеттік қызметшілердің сөйлеу мәдениетін, дәстүріміз бен ділімізді сақтау деңгейін анықтау мақсатында өткен байқауға түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардан он бес үміткер қатысты.
Үміткерлер «Менің визиткам» атты кезеңде өзін-өзі таныстырса, «Дәстүрден тағылым» кезеңінде көнерген сөздердің мағынасын тапты.
«Поэзия сағатында» қазақ ақын-жазушыларының туындыларын нақышына келтіріп мәнерлеп оқыды.
«Мықты болсаң, шауып көр» кезеңінде ата-дәстүрлеріміз бойынша сұрақтарға жауап беріп, таным көкжиектерінің кеңдігін көрсетті.
Қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан Динарамыздың жетістігі – тек бұл ғана емес. Түрлі мәдени-спорттық байқауларға белсене қатысып, талай мәрте жүлделі орындарды иеленді.
Үш ұл-қыздың анасы, ата-енесінің қас-қабағын баққан, бір әулеттің сүйікті келіні. Жұбайы Нұрфатпен бірге – мемлекеттік қызметте. Жарқын мінезімен жұртқа жаққан Жасұланқызына айтарымыз – «Жарайсың!» ғана.
Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы