24.10.2024, 10:45
Оқылды: 95

Орал қаласында кітапханашылар форумы өтті

Орал қаласында «Жаңа заман кітапханасы – ұлттық сана мен руханият келбеті» атауымен кітапханашылар форумы өтті. Оған осы саланың ардагерлері, мамандары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

М Салык

Бұл форум 24 қазан – Кітапханашылар күніне орай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған. Кітапханашы мамандығының имиджін арттыру, оларды ынталандыру мақсатында бекітілген бұл кәсіби мереке биыл үшінші рет тойланбақ.

«Атамекен» өнер ордасында бастау алған форумда ең әуелі «Books-top» кітап көрмелері таныстырылды. Содан кейін сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары ұсынылды. Облыстағы кітапханаларда атқарылып жатқан жұмыстар, жоба-жоспарлар жайында мәлімет беріліп, Орал қаласында орналасқан кітапханалардың тарихы туралы біраз мағлұмат айтылды. Аудан-ауылдардағы кітапханалар жайлы деректер тілге тиек етіліп, олардың да мерейі тасыды.

Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасы, Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана және Орал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы, сондай-ақ аудандардағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорлары бірінен соң бірі залға енді. Оларды іс-шара қатысушылары қолдап-қошеметтеп отырды.

– Кітап қай уақытта да құндылығын жоғалтпайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген болатын. Кітапхана – оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі. Сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын киелі орда. Осы киелі орданың шырағын өшірмей, ел ертеңі үшін ерінбей тер төгіп келе жатқан кітапханашылардың еңбегі зор. Адамзат руханиятының алтын қорын кейінгі ұрпаққа жеткізу – ұлы міндет. Кітапханашылар өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Олар бүгінде оқырман қауымға жан-жақты қызмет көрсетуде. Талғампаз оқырманның талабын толыққанды орындап, баға жетпес құнды қазынаны насихаттауда оң нәтижеге қол жеткізіп жүр. Бұл күн – кітапханашылардың мәртебесін көтеретін айтулы күн. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! – деген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев өңір бойынша осы салада атқарылып жатқан іргелі істер жайында сөз қозғады.

Содан соң «Кітапхана ұлттың мәдени кодын қалыптастыру кеңістігі» атты ашық диалог алаңы басталды. Ашық диалог алаңында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев жаһандану дәуірінде ұлттық сана мен ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық иммунитетті көтеру мәселелеріне тоқталды. Жаңабек Жаңабайұлы қазақты ұлт ретінде сақтап қалған дүние – ұлттық сана екенін жетер жеріне жеткізе әңгімеледі. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ақпараттық ресурстар және жастар саясаты жөніндегі басшының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов «Жаңа заман кітапханаларындағы цифрлық мәдениеттің заманауи мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама оқыды.

Содан соң «Астана Политехник» жоғары колледжі ақпараттық-технологиялар жөніндегі директордың орынбасары Самир Керимов ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасы бірлесе жүзеге асырған «Жұбан Молдағалиевке арналған мета ғалам» тақырыбындағы инновациялық жобаны таныстырды. Бұл инновациялық жоба виртуалды шындық технологияларын қолдана отырып, белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын танып-білудің жаңа тәсілін ұсынады.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Дәулеткерей Құсайынов ұлттық құндылықтар жайында сөз өрбітсе, кәсіпкер, «Jaiyk books» оқырмандар клубының негізін қалаушы, «Подкаст с простыми людьми» жобасының ауторы Дәурен Жұмагелдиев кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдарын айтып өтті.

Ашық диалог алаңы аяқталған соң Қуанышбек Жанболатұлы бірқатар сала маманына облыс әкімінің және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғысхаттарын ұсынды. Сала ардагері Гүлжан Жұмақаеваға «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісін табыс етті. Ақмоншақ Бекжанова (Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана), Гүлбағым Назарова, (Орал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі №12 кітапхана филиалы), Клара Жүнісова (Теректі ауданындағы Дуана ауылдық кітапханасы) және Тамара Исмағұлованы (Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы) «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар бірқатар маманның өңіріне «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісін қадады. Іс-шара барысында басқа да кітапханашыларға ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың алғыс-хаттары және «Құрметті кітапханашы», «Еңбек даңқы» төсбелгілері табысталды.

Түскі үзілістен соң «Кітапхана ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттау алаңы» атты озық ізденістер аймағы секциялық жұмыстары басталды. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Мәртебелі мамандық иесі» атты кітапхана саласының ардагері Гүлжан Жұмақаеваның өнегелі өмірі мен еңбек жолын жастарға үлгі ету мақсатында кездесу кеші өтті. Достық үйінде Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Кітапхана – дәстүр мен жаңашылдық алаңы» ұлттық салт-дәстүр білгірлерінің зияткерлік аламаны өтті.

Х. Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйытқы болуымен «Мен оқыған 30 кітап» жобасы таныстырылды. Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасында Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мамандары «Өлеңмен өрілген өмір» атты ақын, ардагер ұстаз Адақ Шотпановтың таңдамалы шығармалар жинағының тұсаукесерін өткізді. Форум осы іс-шарамен түйінделді.

– Бұл форумда өте өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушы өте көп болды. Облыс орталығындағы, аудан-ауылдардағы кітапханаларда қызмет ететін мамандар белсенділік танытып, форум барысында ұйымдастырылған шаралардың барлығына дерлік қатысты. Кітапханашылар бұл іс-шарада кәсіби бағытта шыңдалып, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Осы форумда жоғары оқу орындарының, колледждердің, мектептердің кітапханашылары да бой көрсетті, – деді Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале