24.10.2024, 17:50
Оқылды: 127

Казталовта Республика күніне орай мерекелік шара өтті

Республика күні — бұл еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам.

IMG-20241024-WA0204

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның бірінші құқықтық құжаты — Республиканың егемендігі туралы декларацияны қабылдап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жариялады.

Мемлекет басшысы: «Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің  тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат. Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз», - деген болатын.

Осы орайда ұлттық мерекеміз Тәуелсіз еліміздің барлық жерінде атап өтіліп жатыр. Бүгін Казталов ауданы орталығында Республика күніне арналған салтанатты шара өтті.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Асланбек Сарқұлов:

– Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекетіміздің егемендігін айшықтап, тәуелсіздігімізге жол сілтеген мерекенің еліміз үшін маңызы зор. Бұл өткеніміз бен бүгінімізді байланыстырған, ата-бабамыз аңсаған азаттыққа алғаш қадам жасалған тарихи күн. Сондықтан да бұл күн халқымыз үшін қастерлі, қадірлі болып қала бермек. Қадірлі жерлестер! Сіздерді Республика күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыстар, шаңырақ шаттығын тілеймін! - деген ақжарма тілегін жеткізді.

IMG-20241024-WA0134

Сонымен қатар мерекелік шарада аудан басшысы ауданның дамуына үлес қосып жүрген бір топ қызметкерді марапаттады.

Мереке қарсаңында ауданның әр саласында жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлерге аудан әкімінің алғысхаты табысталса, сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлының алғысхаты, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы М.Жақыповтың «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгісі, «Қызмет» Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Серік Сүлейменнің Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының алғысхаты, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың Құрмет грамотасы табысталды.

Аудандық мәдениет үйінің төрінде өткен салтанатты шарада мемлекеттік қызметті таңдап, халық үшін аянбай еңбек етуге бел буған жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады.

Шара аудан көркемөнерпаздары дайындаған «Елдігі мәңгілік — Қазақстан!» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Киелі сахна шымылдығы «Ел рухы» композициялық қойылымымен ашылды. Оралхан Ерғалиевтің орындауындағы «Қазағым — Қанатым» әні бүгінгі мерекенің мәнін аша түсті.

IMG-20241024-WA0160

Сахна төріне Казталов балалар музыка мектебінің этнофольклорлық ансамблі орын алып, Дәулеткерейдің «Көреғұлы» күйін шебер орындады.

Жас әншілер Мейрам Мақсот пен Камшат Аюпова Жұбаныш Жексенұлының «Қазақстаным!» әнімен  көрерменнің жүрегін баурап алды. Концертте Казталов балалар музыка мектебінің «Күншуақ» балалар хоры Ербол Бекболатов «Қазақ елі Мәңгілік ел» әнін шырқаса, Халықаралық, Республикалық байқаулардың жеңімпазы Халықтық «Қарлығаш» би ансамблі «Қазақ биін» мың бұрала биледі.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерекелік концерт Мұрат Ахметовтың орындауындағы «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Гүлнұр Бөлешова

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале