Бүгін Бөкей ордасы ауданындағы «Достық» үйінде Республика күніне орай ардагер ұстаздардың қатысуымен «Елдікке үндеген мереке» атты жиын өтті.
Аталмыш шараны «Бөкей ордасы білім саласы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нейля Нарболова ұйымдастырды.
Білім саласында еселі еңбек еткен ардагер ұстаздарды мерекемен құттықтау үшін аудан басшысы Нұрлыбек Даумов та арнайы келді.
– Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» демекші ұстаздар қауымының еңбегі зор қашан да. Сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында өнегелі қызмет еткен ұстаздарға құрмет көрсету біздің парызымыз. Алдағы уақытта осы ұйымның бастауымен тағылымды іс-шаралар жүзеге асырылады деп сенемін, - деді аудан әкімі.
Бұдан соң білім беру жүйесін дамыту ісіне елеулі үлес қосқаны үшін және 70 жас мерейтойына орай ардагер ұстаз Шафхат Шәкіржановқа облыстық білім басқармасының алғысхаты мен сый-сыяпаты ұсынылды.
Сондай-ақ, аудан басшысы мен аудандық білім беру бөлімінің басшысының атынан да алғысхаттар табыс етілді. Білім саласында еселі еңбегімен танылған Зухра Дүйсенғалиева да аудан басшысының алғысхатымен марапатталды.
Әдемі де әсерлі кеш аудандық саз мектебінің оқытушылары мен шәкірттерінің концертімен айшықтала түсті.
Жиын барысында шақырулы қонақтар дастархан басында түрлі тақырыптарды қозғап, өзекті ойларды ортаға салды.
Арайлым Есмағұлова
Бөкей ордасы ауданы