24.10.2024, 23:45
Оқылды: 139

Жәнібекте ұлт мерекесі ұлықталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, осы тұрақсыз құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Бағдарымыз айқын, мақсатымыз ортақ, сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ» деген болатын. Бүгінде қайта жаңғырған Республика күні –  болашақ жастарды отансүйгіштік қасиетке, елдік рух пен ұлттық ұстанымын берік етуге шақыратын маңызы зор мереке. Жәнібек ауданында ұлт мерекесін ұлықтап, қадір-қасиетін бағалауға бағытталған шаралар кешені ұйымдастырылды. Соның бірі – бүгін аудандық мәдениет үйінде өткен «Қыран елім – Қазақстаным» атты концерттік бағдарламасы.

image-24-10-24-11-15-2

Аталмыш концерттік бағдарлама ұлттық өнеріміз, соның ішінде ұлттық аспап, ұлттық биді дәріптеуімен, отандастарымыздың кеудесіндегі өр рухты көтеріп, елге деген сүйіспеншілігін арттыруды көздейтін патриоттық әндермен ерекшеленді.

image-24-10-24-11-15-5

«Мәдениет саласының үздігі» Шынар Каюпова мен Алма Жанайдың орындауындағы «Туған жер» әнімен шараның шымылдығы ашылды. Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» Анаргүл Кенжеғалиеваның жетекшілігіндегі «Жәнібек сазы» халыктық-фольклорлық ансамблінің орындауындағы Тұранның «Ертұран» мен Тоғжан Жакиннің «Дала рухы» күйлері жиылғандардың бойын шымырлатты.

image-24-10-24-11-15-6

Қай азаматтың да өзінің туған жерімен қадірлі екендігі шүбәсіз. Осы ретте ауылға, елге деген ыстық ықыластарын Шынар Каюпова мен Асылан Боранбаев «Ауылға сағыныш» әнімен жеткізді. Одан бөлек сахна төрінен әуезді әндерімен Райымбек Кәрімов, Қуаныш Аждуов сынды облыстық байқаулардың жеңімпаздары табылды. Аудан тұрғындары мен қонақтарын құттықтай келген Жақсыбайлық Зинаш Жұмағалиева, Альфия Қарақұлова және мереке қарсаңында «Еңбек Даңқ» төсбелгісін иеленген Асқар Иманғалиевтан құралған трио Талғат Атшыбаевтың «Шалқымалы» әнін әуелетті. Наргиза Касумова, Нұртілек Кәрімов, Қадыр Әлиназардың орындауындағы Ержан Тоқсабановтың «Жауға» күйінен қазақ халқының батырлығы мен ержүректілігі айқын көрінді десек артық болмас. Келер жылы 90 жылдығы тойланғалы отырған ақын, халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін Жеңісбек Жүсіп пен Әлібек Махсотов әуелетсе, «Ақмаржан» бишілер ансамблінің әсем биімен әрленді.  Асылан Боранбаев пен аудан өнерпаздары хоры Темірше Сарыбайұлының сөзіне жазылған Уахит Сариевтің әні «Республикам – байтағым менің» әнімен мерекелік кештің нүктесін қойды.

image-24-10-24-11-15-1

Аудан тұрғындары мен қонақтарына 25 қазан 10.00-де Тәуелсіздік алаңында Республика күніне арналған ту көтеру рәсімі өтетіндігін, әрмен қарай «Жәнібек» спорт клубында Республика күніне арналған интеллектуалды ойындардан (дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ) ерлер және әйелдер, оқушылар арасындағы жарыс жалғасын табатындығын еске саламыз!

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале