25.10.2024, 9:17
Оқылды: 82

Бекайдар Қазкеев: «Отанымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі бәрінен қымбат»

25 қазан – Республика күні. Бұл мереке араға он үш жыл уақыт салып қайта жанданды. Бұл бәріміз үшін ортақ қуаныш! Осы мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Бекайдар Қазкеевке, өңірлік қолбасшылық жеке құрамына жүктелген жалпы міндеттер, сарбаздардың тыныс-тіршілігі туралы аз-кем сұрақ қойып тілдескен едік. Сол сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

InShot_20241025_005133844

- Құрметті генерал-майор мырза, ең алдымен еліміздің қорғаны болған Ұлттық ұлан әскеріне қарасты «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсеңіз. Жалпы өңірлік қолбасшылықтың әскери қызметшілеріне қандай міндет жүктелген?

- Иә, Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына жалпы саны алты әскери бөлім қарайды. Олар Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Орал және Жаңаөзен қалаларында орналасқан. Жалпы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тарихы ел тәуелсіздігінің нығайуымен тығыз байланысты. Еліміз тәуелсіз ел болып, өз егемендігін жариялаған соң 1995 жылы 25 ақпанда Орал қаласында №5515 әскери бөлімінің батальоны негізінде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында құрылған болатын. Кейіннен құрама болып кеңейтіліп оған ІІМ Ішкі әскерлерінің Ақтөбе, Ақтау, Атырау және Орал қалаларындағы әскери бөлімдері қосылды. 2014 жылы Қазақстан Республикасының ІІМ Ішкі әскерлері өз атауын өзгертіп, Ұлттық ұлан әскері болып қайта құрылған болатын. Осы тұстан бастап Ұлттық ұлан әскері өңірлік қолбасшылық жүйесіне көшіп, әскер алдына қойылған міндеттер де арта түсті. Жалпы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы қалалар мен облыс орталықтарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, аса маңызды стратегиялық нысандар мен түзету мекемелерін күзетеді, сотталғандарды айдауылдау, тасмалдау кезінде арнайы жүктерді күзету, Ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысады. Сондай-ақ табиғи, техногенді апаттарды жоюға қатысады. Осы сөзіме мысал ретінде биылғы жылдың көктемінде батыс аймақтарда орын алған су тасқыны. Осы табиғи апат кезінде Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерінен екі мыңнан астам әскери қызметшісі тәулік бойы екі ауысыммен тасқынның алдын-алу шараларына қатысып, өздерінің жауынгерлік қызметтерін күшейтілген түрде атқарып қарапайым халықты, олардың мүліктерін қауіпсіз аймаққа шығару жұмыстарымен айналысты. Ұландық әскери қызметшілердің тағы бір маңызды міндеттерінің бірі түзету мекемелерінің ішіндегі сотталғандардың іс-әрекетін бақылауды жүзеге асыру. Бетін әрмен қылсын, елде террористік іс-әрекеттер болған жағдайда да халықтың қорғаны болатын осы Ұлттық ұлан әскері.

- Бекайдар Маратұлы, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік іс-әрекеттегі жетістігіне тоқталсаңыз...

- Еліміздің айбынды әскері – Ұлттық ұланға қарасты «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы, бүгінде өздеріне қойылған міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Бұл сөзіме дәлел ретінде ұландық сарбаздардың жауынгерлік қызметтегі қырағылықтары мен ерліктерін айтып өтуге болады. Солардың бірі 2010 жылы Ақтау қаласындағы колониялардың бірінен қашпақ болған 21 қарулы тұтқындарға қасқайып қарсы тұрған батыр жауынгеріміз Ербол Отарбаев. Ол 2010 жылы 21 маусымнан 22 маусымға қараған түні Маңғыстау облысындағы түзету мекемесінен қашпақ болған сотталғандардың жолына тосқауыл болып, 21 қарулы жазасын өтеуші сотталғандарға қарсы тұра білді. Осы оқиға орын алған кезде батыр жауынгеріміз небәрі 19 жаста болатын. Қазіргі таңда Ербол Отарбаев, Ұлттық ұлан әскер қатарында өз қызметін жалғастыруда, офицер, әскери шені «майор»! Оның жасаған ерлігі өзінің артынан еріп келе жатқан інілеріне, Ұлттық ұлан сарбаздарына үлгі. Оның осындай көрсеткен ерлігі үшін еліміздің Тұңғыш Президентінің Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» орденімен наградталып, «Алтыншы бекет» атты шынайы оқиғаға негізделген көркем фильмі түсірілді. Айта берсек сарбаздарымыз бен сардарларымыздың жауынгерлік қызметтерін атқару барысындағы мақтан тұтарлық ерліктері көп-ақ. Өздеріңіз білесіздер осы жылдың көктем айларында еліміздің көптеген аудандары мен ауылдарын су шайып, таби апат орын алды. Сол кезде Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің жасақ бастығы ефрейтор Нұрбол Асхап, Жайық өзені ағып өтетін саяжайлардың бірінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүріп, судың ағысына төтеп бере алмай келе жатқан алпыс жастағы қарт кісіні судан құтқарып алып шыққан болатын. Бұл сарбазымыздың да табиғи апат кезіндегі батыл әрекеті ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жауынгеріміздің кеудесіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тақты. Жалпы Ұлттық ұланның әскери қызметшілері кез келген сәтте қарапайым халықтың қасынан табылуға әзір. Біздің жауынгерлер құқықтық тәртіпті сақтап қана қоймай, адам өміріне араша түсіп жататын сәттер жиі болады. Ефрейтор Асхап Нұрболдың жауынгерлік қызметтегі іс-әрекеті соның жарқын көрнісі.

- Әскери өмірге жаңадан келген сарбаздар әскери дайындықтың қандай әдіс-тәсілдерін үйренеді?

- Әскери бөлімге жаңадан келген сарбаздарды ең алдымен әскери бөлімнің күнделікті күн тәртібіне үйретеміз. Сарбаздар әскердегі күн тәртібі бойынша таңғы сағат 06:00-де тұрады, күнделікті елу минуттың көлемінде таңғы жаттығуларын жасап, жуынып, жатын орындарын жинап таңғы ас ішеді. Сағат тілі 09:00-ден бастап жауынгерлік даярлық бағдарламасына сәйкес сарбаздармен түрлі жауынгерлік даярлық сабақтары өткізіледі. Осы сабақтар барысында сарбаздарға әскери дайындықтың түрлі әдіс-тәсілдерін үйретіп, оларды әскери іске шыңдайды. Сондай-ақ жауынгерлермен олардың қызмет атқару түрлеріне байланысты арнайы сабақтарда жүргізіледі. Мәселен, жедел мақсаттағы бөліністерде қызмет атқаратын сарбаздарға қоғамдық тәртіпті сақтаудағы іс-әрекет қимылдары, қала көшелерінде қалай жүру керектігі, азаматтармен қалай тіл табысу керектігі түсіндіріліп, қырағылыққа үйретеді. Ал түзету мекемесінде қызмет атқаратын сарбаздарға бақылау мұнараларында (бекеттерде) дұрыс тұру, аса назарды аударатын бағыттары, қаруды қолдану тәртібі, жауынгерлік қаруды тапсыру, қабылдау ережелері түсіндіріліп және қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін үйретеді. Осылардың барлығын дұрыс және толығымен меңгерген сарбаз жауынгерлік қызметке түседі.

-Бүгін, 25 қазан – Республика күні. Жалпы мерекелік күндер әскерде, әскери бөлім аумағында қалай аталып өтіледі?

- Иә, Ұлттық ұлан әскер қатарында мемлекеттік және ұлттық мерекелер кең көлемде аталып өтіледі. Ол күні барлық санаттаға әскери қызметшілерге мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, шара барысында жауынгерлік қызметте қырағылық танытқан әскери қызметшілерді марапаттаймыз. Офицерлер мен сержанттарға, сарбаздарға сол мерекенің түпкі тарихын жеткізу мақсатында түрлі тақырыптық кештер, белгілі бір тұлғалармен кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Алайда қанда да мереке болмасын біздің басты назарымызда жауынгерлік қызмет тұратыны анық. Оны құқықтық тәртіп әскерінің әрбір жауынгері жақсы түсінеді.

- Мерекелік тілегіңіз...

- Республика күні қарсаңында еліміздің әрбір азаматы өткен күннің салқынды ызғарын сезінері анық. Расында да Республика болып танылу елімізге оңай соқпады. Еліміз Тәуелсіздігін алу жолында қаншама зиялы қауым бозторғайдай шырылдап, өз өмірлерін қиғандар да аз емес.

Біз өз кезегімізде өскелең жас ұрпаққа өткенімізді ұмытпай, Тәуелсіздіктің соңынан халқымыздың жүріп өткен жолын айтып, насихаттап отыруымыз қажет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арада біршама жылдар өткеннен кейін, 2022 жылдың 29 - қыркүйегінде Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта бекіту туралы Заңға қол қойды. Мемлекет Басшысы Республика күні – біздің өткен тарихымызды жаңғырта отырып елдің құрылуына, бірлігі мен әлеуметтік-рухани өсуіне жол ашатын ерекше сипаттағы мереке екенін және бұл мереке – көп ұлтты Қазақстан Республикасы халықтарының бірлігі мен татулығының символы екендігін айтты. Өз кезегінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілері еліміздің даму жолында аянбай еңбек етіп, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғап, ел ішінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өздерінің жауынгерлік міндеттерін жоғарғы деңгейде атқаратындығына сенім білдіремін.

Еліміздің барлық тұрғындарын Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Осындай маңызы зор тарихи думанда, еліміздің туы асқақтап келешегі өркейе берсін. Мереке құтты болсын!

Әңгімелескен Ертуған Әубәкір

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале