Оралда аудандық мансап орталықтарына 10 қызметтік автокөліктің кілті табысталды.
– Былтыр елімізде Әлеуметтік кодекс қабылданып, сол жылы бірінші шілдеден бастап күшіне енді. Соған сәйкес облыста еңбек мобильділігі орталығы құрылды. Он екі аудан мен Орал қаласындағы халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары болып қайта құрылды. Бұл мекемелердің материалдық-техникалық әлеуетін арттырудың маңызы зор. Себебі, қызметкерлер аудан-ауылдарды аралап, ауылдық округ әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қызметтік көліктер оларға жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқару және уақыт үнемдеу үшін қажет. Темір тұлпарлар ел игілігіне қызмет ете берсін, – деген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов автөкөлік кілттерін жүргізушілерге табыс етті.
Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығы бұл көліктерді Сырым мен Бөрліден басқа аудандардағы мансап орталықтарына табыстады.
Бүгінде өңірдегі аталған мекемелерде 300-ден астам адам қызмет етеді. Еңбек мобильділігі орталығының директоры Саян Баймұқановтың айтуынша, биыл облыста 22 мыңнан астам тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланған. Күні бүгін 13 мыңнан астамы екі қолға бір күрек тапқан.
Ясипа Рахимқызы
zhaikpress.kz