"Qazaqstan dáýiri" халықаралық, қоғамдық-саяси газеті, "Мөлдір бұлақ" журналының және "ЕлАна" сайтының Бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы "Ауыл аманаты – ел аманаты" экспедициясы аясында Бөкей ордасына арнайы келіп, ханордалық тұрғындармен жүздесті.
Тағылымды кездесуде келелі мәселелер көтеріліп, сүбелі ойлар айтылды.
- Әр сапарымның мақсаты - ел ішінде орын алып жатырған ізгі істерді, жақсылықтарды жариялап, халықтың рухани кемелденуіне үлес қосу. Әсіресе, қазақ қоғамының руханияты, ұлттық құндылықтар, қоғамдық сананың жаңғыруы секілді маңызды мәселелер сіз бен біздің тарапымыздан елеусіз қалмауы тиіс. Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше. Сол себепті ұлтымыздың салт-санасын жаңғырту еліміздің саясатын, қоғамда қолға алынып жатырған жобаларды ұлттық сипатта жүргізу керек. Ұлттық идеяның қалыптасуы – ұлттық құндылықтарды дұрыс насихаттаудан бастау алады, - деген Сәуле Мешітбайқызы отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі, қоғамдағы ер мен әйелдің рөлі, тіл мәселесі т.б өзекті тақырыптарға да кеңінен тоқталды.
Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов құрметті мейманға алғысын білдіріп, Бөкей ордасы ауданының энциклопедиясын тарту етті. Сәуле Мешітбайқызы да жылышырай танытып, зор құрмет көрсеткен ауыл жұртына ризашылығын білдірді.
Арайлым Маратқызы
Суретке түсірген Эльдар Сатқанов
Бөкей ордасы ауданы