31.10.2024, 15:00
Оқылды: 97

«Цех ашып, балықты экспорттаса...»: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасында жиын өтті

Oблыстық ауыл шаруашылығы басқармасында облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен жиын өтті. Онда  өңірдегі балық шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды.

8ec3c925-24cd-4837-b761-755787f4b4f5

– Балық шаруашылығы – облыс экономикасын дамытатын маңызды сала. ҚР Үкіме­тінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысымен «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» жасақталды. Өңірімізде балық шаруашылығына арналған 117 су айдыны бар. 2018 жылдан бастап «Ақжайық Агро» ЖШС балық шабақтарын өсірумен айналысады. 2023 жылы 655 тонна тауарлы балық өсірілді. 2024 жылы балық өсіру көлемін 755 тоннаға дейін жеткізу көзделген. Біз балық шаруашылығын дамытуға тиіспіз. Сол себепті алыстан осы саланың маманын шақыртып, жиын ұйымдастырдық. Жиынға облыстағы балық шаруашылығымен айналысып жүргендер, сондай-ақ балық шаруашылығымен шұғылданғысы келетіндер қатысып отыр. Емін-еркін ұсыныс-пікірлеріңізді айтыңыздар. Мәселелердің шешімін табуға тырысамыз. Араларыңыздан ең болмаса, бір адам балық цехын ашса, біз үшін соның өзі үлкен жетістік болар еді, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Бұдан кейін Түркістан облысы білім басқармасының №16 колледжі МКҚК директоры Мұратбек Тәшімбет сөз алды. Ол аталған колледж Түркістан облысының Шардара ауданында орналасқан «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне сенімгерлікке берілгенін айтты.

5cea35bb-a5a6-467e-a30a-4e4fe8a19e72

Оның сөзіне сүйенсек, «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауыты бүгінде жүйелі жұмыс жүргізіп, нақты нәтижеге қол жеткізіп келеді. 

– Колледжде балық шаруашылығы мамандығына оқытылады. Студенттер зауытқа барып, практикалық тұрғыда білімдерін тереңдетеді. Олар колледжді тәмамдаған соң зауытқа жұмысқа орналасады. Су қоймасы жанында бірнеше тоған бар. Сол жерде балықтар өсіріледі. Өнімді 15 мемлекетке шығарамыз. Ресей, Израиль және Германиядан тапсырыс көп түседі. Жылына Қазақстан 10 мың тонна балық экспорттайды. Бұл көрсеткіш өте аз. Шетелдіктер тапсырыс берер алдында Шардараға арнайы келіп, зауытты, балықтарды тексереді. Содан кейін өнімді өздеріне алдырта бастайды. Осылай жұмыс жүргізіп, жақында өнімдерді Америкаға жолдадық. Зауыттың балық қалдықтарынан жем өндіретінін де айта кету керек деп есептеймін. Қалдықтар өңде­ліп, оған дәрумендер қосылады. Сол азық балыққа беріледі және құс фабрикасына сатылады. Жем ұнтақтарының көле­мі әртүрлі болады. Жем балық­тарға көлеміне, салмағына қарай беріледі. Олардың азық жемейтін уақыттары да болады. Соның бәрін зерттеу керек. Біз сіздерге көмектесуге, өздеріңізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге қашанда дайынбыз. Батыс Қазақстан облысында цех ашылған жағдайда өнімді экспорттауға қол ұшын созамыз. Әрине, оның бәрі келісімшарт негізінде жүзеге асады, – деді Мұратбек Батырбекұлы.

Облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов уақыт тауып, Орал қаласына келіп, тәжірибесімен бөліскен Мұратбек Тәшімбетке алғыс айтты. Оған қоса алдағы уақытта Батыс Қазақстан облысында балық шаруашылығымен айналысқысы келетіндер Шардарадағы балық өңдеу зауытына барып, тәжірибе алмасатынын жеткізді. Өз кезегінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылған «Barbastau River» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің өкілі Берік Пушкин жоба-жоспарларымен бөлісті. Жиын қатысушылары пікір алмасып, балық шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале