31.10.2024, 16:30
Оқылды: 151

Сырымда өткен көкпарда тасқалалық «Найзатас» командасы үздік атанды

Көкпар – қазақтың қанына сіңген ұлттық ойын. Дала қазағы үшін жауын аттан аударып, астындағы тұлпарын алу, қарсыласқан жауының кеудесіне найзасын тіреп, аттың үстінен аудару ерлік пен батылдықтың ерен үлгісі болған.

көкпар фото 3

Жігітті төзімділікке, ептілікке, батылдыққа, батырлыққа баулитын өнердің бекзаты – көкпар. Оған тақымы тастай, білегі құрыш, жігері қылыш шабандоз ғана тәуекел жасап, топқа түседі. Ал жүздеген дүлдүлді тақымдаған білектері қиқулап салымға таласқан сәтте делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә! Яғни ғасырлар бойы қазақтың бойына, қанына сіңген – асыл өнер. Бүгінде жыл өткен сайын осы бір ұлттық ойынның көкжиегі кеңейіп келеді. Тұлпарының тізгінімен алысып жүріп күш сынасатын көкпар ойыны көрер көзге қызықты көрінгенімен, қиын ойын екені сөзсіз.

Көкпаршының бір қолымен аттың тізгініне ие болып, екінші қолымен қарсыласынан серкені жұлып алып, оны тартысты топтың ортасынан шығарып, салым салуы ойыншы үшін ғана емес, жанкүйерлерге де қуаныш сыйлайды.

көкпар фото 1

Жуырда Сырым ауданында жасөспірімдер арасында көкпар жарысы өтті. Екі күнге созылған сайыс қорытындысында тасқалалық білекті жігіттер жерде жатқан серкені тақымға қысып, өз командасына ұпай жинап, айқын басымдылық көрсетті.

Ауданымыздың «Найзатас» командасының көкпаршылары топ жарып, 200 мың теңге сыйлыққа ие болды. Екінші орын Орал қаласы Ұлттық спорт мектебіне бұйырса, үшінші жүлдені Сырым ауданы, «Сырым батыр» командасы алды.

Ал «Турнирдің үздік ойыншысы» аталымына тасқалалық Ернар Берікқали иеленді, оған жеке кәсіпкер Сансызбай Тюлегенов өзінің атынан тай мінгізді.

көкпар фото 2

– «Найзатас» командасы алғаш рет жасөспірімдер арасында көкпардан бас жүлдені жеңіп алып отыр. Команда сапында 11 ойыншы болды. Команда мүшелерін таңдау кезінде біз ең алдымен  ептілік пен батылдыққа мән береміз. Сондай-ақ палуан тек атқа отырып қана қоймай, жылқыны сезініп, командада ойнай білуі керек. Шабандоздар арасында толық түсінік болғаны жөн. Көкпарда кімнің «салма» салатыны маңызды емес, мәселе жалпыкомандалық есептің нәтижесінде. Аталмыш сайыста жас спортшыларға қолдау білдірген зейнеткер, жеке кәсіпкер Сансызбай Тюлегеновке алғыс айтамын. Алда да жоғары нәтижелер көрсетеміз, – дейді жаттықтырушы Қайырбек Сағындықов.

Гүлмира Мақанова

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале