Таяуда Түркияның Ыстамбұл қаласы орталығында орналасқан «Pinelo Art» галереясына қылқалам шебері Алина Хожантаеваның «Жанымның айнасы» атты сурет көрмесі қойылды.
Таланты бар талапты жастың таңдаған саласы мүлде бөлек. Қазір ол Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің «Телекоммуникациялық жабдықтар мен байланыс арналарын электромонтаждаушы- реттеуші» мамандығының 3-курс студенті. Алинаның туындыларына әлеуметтік желі арқылы көзайым болған Түрік сыншылары оны арнайы ұсыныспен шақырған екен. «Жанымның айнасы» атты 15-19 қазан айы аралығында өткен көрмеге отызға жуық жұмысы жарияланып, көптің назарына ұсынылыпты. Бала кезінен қылқаламды серік еткен ол, 2020 жылы қабілетін кәсіби тұрғыда жетілдіруді қолға алған. Сол жылы «Сурет – менің екінші өзім» атты алғашқы жеке көрмесін ашқан. Келесі жылы Даринск мұражайында «Біз бәріміз басқамыз» атты екінші жеке сурет көрмесі өткен. Орыс жазушысы Михаил Шолоховқа арналған байқауда 2023 жылы «Үздік графика» номинациясы бұйырған. 2024 жылы «ORIENTAL FLAIR» және «Vibrant Asia» халықаралық байқауларында үздік деп танылып,бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған.
Қылқаламды серік еткен суретші ару келер жылы оқуын тәмамдамақ. Бүгінде Орыс, Қытай, Ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Яғни, әлеммен еркін байланыс орнатып, келіссөз жүргізуге қауқарлы.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»
Фото авторы: Роман Йеникеев