Қоғамдық бақылау және тұтынушылардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жобасы аясында бүгін бір топ сарапшы мамандар қаладағы дүкендерді аралады.
Сурет: pixabay.com
Олар дүкендердегі азық-түлік өнімдерінің жарамдылық мерзімін, дұрыс сақталуын және өнімде мемлекеттік тілде ақпарат болуын тексерді.
– Біздің ел – Кеден одағына мүше елдер қатарына жатады. Сондықтан да Қазақстанға кіретін әр тауарда «Е» таңбасы болуы керек, - дейді сарапшы Жаннат Танабаева.
Рейд барысында мамандар дүкендердегі өнімдерде көбіне қазақ тілінде мәлімет болмайтынын анықтаған. Сондай-ақ мерзімі өтіп кеткен тауарлар сатылатынына, тіпті кейбір өнімдерде шыққан мерзімі жазылмайтынына да көз жеткізіпті.
Ал Ауғанстан, Түркия, Иран секілді елдерден келетін тағамдарда қазақша мәліметтер атымен жоқ дейді.
– Мұндай кемшіліктердің бәрі анықталып хаттама толтырылады. Біз өнімдерді Ұлттық сараптама орталығына және Батыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жібереміз. Олар тиісті тексеріс жұмысын жүргізеді, - деп атап өтті жобадағы сарапшылардың бірі Жаннат Танабаева.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz