7.11.2024, 22:00
Оқылды: 99

Оралда Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойына арналған облыстық жазба ақындар мүшайрасы өтті

Биыл қазақ халқының талантты ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық арасында Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақытыгерееваның 80 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтіп жатыр. Ақынның туған өлкесі Ақжайық өңірінде де біршама іс-шаралар өткізіліп жатыр.

IMG-20241107-WA0048

Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен «Мен жастарға сенемін» жобасының аясында облыстық жас ақындар мүшайрасы жарияланған болатын.

Мүшайраның мақсаты – ақын Ақұштап Бақтыгерееваның поэзиясын кеңінен насихаттау, екіншіден азаматтық қоғамдағы белсенді, талантты жас ақындарды ынталандыру. Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы хабарлады.

Байқаудың ережесіне сай мүшайраға 18-25 жас аралығындағы облыстың жас ақындары қатысты.

IMG-20241107-WA0049

Жас ақындар мүшайрасына қатысушы үміткерлер бұрын-соңды жарияланбаған үш өлеңін ұсынды. Бір өлеңі ақын Ақұштап Бақтыгерееваға арнау, екінші өлеңі патриоттық, елдік, ұлттық рух бағытындағы, үшінші еркін тақырыпта ұсынылуы тиіс болатын.

Ережеге сәйкес әрбір ақынның өлеңдері жеке-жеке кодталып, қазылар алқасына жасырын түрде таратылды. Әрбір өлеңге, яғни бір автордың үш өлеңіне көркемдік деңгейіне орай қойылған жеке-жеке бағалар жинақталып, қорытынды ұпай шығарылды. Қазылар алақасының әрбір өлеңге берілген бағалары, сын-пікірлері ескерілді. Мүшайраға тоғыз жас ақын қатысып, бақ сынады.

Жас ақындар мүшайрасына қатысушы үміткерлердің өлеңдері тыңдап, оқып, әділ бағасын берген қазылар алқасы республикаға танымал ақындар мен ғалымдардан жасақталған болатын.

Атап айтар болсақ, қазылар алқасының төрағасы әрі мүшесі, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғайсағали Сейтақ, тәуелсіз сарапшы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумелев атындағы ЕҰУ профессоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Оңайгүл Тұржан, тәуелсіз сарапшы, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, республикалық Махамбет сыйлығының лауреаты, ІХ халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері, республикалық жастар поэзия фестивалінің бас жүлдегері, республикалық «Алтын қалам», «Үркер үміт» әдеби байқауларының жүлдегері Бақытгүл Бабаш, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан универсиетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, әдеби өлкетанушы ғалым Зейнолла Жақсылықұлы, ақын, жұбантанушы ұстаз Үзілдік Елеубайқызы қарап, ақындардың ұсынған өлеңдерін бағалады.

IMG-20241107-WA0046

Мүшайраның қорытындысы бойынша бас жүлдені М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының БББ 3-курс студенті Нұрман Ақансеріұлы, бірінші орынды М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының БББ 2-курс студенті Нұрдана Жәдігерқызы, екінші орынды Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының БББ 1-курс студенті Ғұмар Нұрым, үшінші орынды М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының БББ 1-курс студенті Мералы Босай иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Суреттерді түсірген: Рафхат Халелов

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале