12.11.2024, 14:28
Оқылды: 35

Өнерге өз елінен құрмет

Бүгін аудан әкімі Нұрлыбек Даумов Черногорияның Будва қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында топ жарған жерлесіміз Өнер Сейілханды қабылдады. Естеріңізге сала  кетсек, Өнер Айдосұлы 71 келі салмақта кіл мықтылар сынға түскен сайыста қарсыластарынан басым түсіп, финалдық айқаста ресейлік Алексей Гуковтан 5:0 есебімен басым түскен болатын. Сондай-ақ, жерлесіміз облыс бойынша жастар арасында Азия және Әлем чемпионы мәртебесін иеленген алғашқы спортшы.

өнер

-Әлем чемпионымен бетпе-бет жүздесу үлкен мәртебе біз үшін. Тек бөкейліктердің ғана емес, еліміздің мерейін асырып, көк туымызды желбіреттің. Үздіксіз жаттығудың, тыңғылықты дайындықтың жемісін көріп жатырсың. Алдағы уақытта да жұлдызың жарқырап, биік белестерді бағындыра бер,-деп жылы лебізін арнаған аудан басшысы Өнерге  алғысхат, бапкері Берік Жарылқасыновқа шапан кигізді.
Әлемдік жарыстан олжа  арқалап келген жерлесімізге Ерболат Таңатов, Меңдібай Қаресов сыңды ардагерлеріміз де, аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева да ақ тілектерін арнап, ақ жол тіледі.
Өз кезегінде чемпионның жаттықтырушысы Берік Жарылқасынов та көрсетілген сый-құрметке алғысын білдірді.
-Өнерді әкесі мен аталарының кіндік қаны тамған туған жеріне үлкендердің ақ батасын алсын деген пейілмен әкелдік. Сіздердің ақжарма тілектеріңізге көңіл марқайып, қуанып қалдық. Алыста жүрсе де баламыз әлемдік додада үлкен жетістікке қол жеткізді деп қуанышымызды бөлісіп жатырсыздар. Бұйырса олимпиада да топ жарып, алдарыңызға сүйінші сұрап келуді жазсын,-деді.
Бұдан соң Әлем чемпионы Өнер Сейілханға аудан әкімі бөкейліктердің атынан ат мінгізді.
Айта кетелік, спортшы жерлесімізді аудан жұрты ауылға кірме жолдан қазақы дәстүр бойынша ақ пен бауырсақ ұсынып, сән-салтанатымен қарсы  алды.

Арайлым Есмағұлова,

Бөкей Ордасы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале