Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Ұлттық мектеп лигасы» сайысының облыстық кезеңінен ауданымыздың мектеп оқушылары жүлделі оралды. Ұлдар арасында 8-10 қараша күндері өткен “Асық ату” ойынында Жаңақала №3 ЖОББМ-нің 9-11-сынып оқушылары жүлделі II орынды иеленді.
Аңсар Молдағалиев пен Ақжол Әділғалиевтің жетекшілік етуімен Мәди Бақтығали, Аңсар Ермек, Мейірімжан Ермек аудан намысын қорғады. Сонымен қатар, 14-16 қазан күндері оздырылған қыздар арасындағы “Бес асық” ойынынан Жаңақала ЖОББМ-нің 9-11-сынып оқушылары II орынды жеңіп алды. Жетекшілері Шапағат Ермекқалиев пен Айдос Нариманов. Топ құрамындағы Айнара Қажиден, Фатима Елемес, Айша Ерғали ойында шеберлік танытып, үздіктердің қатарынан табылды. Бұл жобаның мақсаты – мектеп оқушыларының спортпен тұрақты шұғылдануға тарту, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Лига ойындары барысында аудандық, облыстық деңгейде қоғам өміріне белсене атсалысатын дарынды балаларды топтастыру, жас спортшылардың ортасын құру және мектеп спортын бұқаралық сипатта дамыту көзделген. Жарыс қыркүйек айында бастау алып, әлі де жалғасын табуда. Жас ерекшеліктеріне қарай 5-6, 7-8 және 9-11 - сыныптар мектеп бағдарламасындағы спорттың 11 түрі бойынша бақтарын сынауда. Келесі волейбол, баскетбол ойындарының аудандық кезеңі қаңтар-ақпан айына жоспарланған. Аудан жастарын жетістіктерімен құттықтай отырып, бұдан да биік белестер мен дүбірлі додаларда үздік болулаларына тілектеспіз!