13.11.2024, 11:33
Оқылды: 110

МӘМС бойынша пайдаланылмаған қаражат қазақстандықтарға қайтарыла ма?

Кейбір азаматтар МӘМС төлемдері Қорға түседі және ол қаражатты өз қалауы бойынша жұмсай аламын деп ойлайды. Бұл жаңсақ пікір.

Ақша JP

МӘМС жүйесі жинақтаушы емес. Жеке шоттарды қарастырмайды. Дербес төлеушілер ай сайын 4 250 теңге жарна, яғни бір жылға 51 мың теңге төлейді. Егер әр азаматтың жеке шоты болса, бұл сомамен бағасы қымбат анализдерді тапсырып, операцияларды жасата алмас еді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау бөлімі хабарлады.

Мысалы, бір азамат тізе буынын ауыстыратын ота жасатты делік, кейін оған бірнеше рет оңалтудан өту керек. Ол өз қаржысына емделсе, шамамен 4 миллион теңге төлейді. Ал мәртебесі сақтандырылған болғандықтан, артық қаржы төлемей, барлық қызметті МӘМС есебінен алады.

Әр сақтандырылған азамат тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, медициналық қызметтерді құнына қарамастан консультациялық-диагностикалық қызметтерден бастап хирургиялық араласуға дейін толық көлемде ала алады.

Медициналық көмек алу кезінде қосымша сұрақтар немесе мәселе туындаған жағдайда өз клиникасындағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну қажет. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналарының біріне өтініш қалдыра алады:
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
- msqory.kz ресми сайты
- Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
- 1414 байланыс орталығы
Сондай-ақ Damumed, Halyk, BCC.KZ, Kaspi.kz мобильді қосымшалары МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале