Ауылымыздың тазалығына өз үлесін қосып жүрген Равиль Мардыновты аудан жұртшылығы жақсы біледі.
Равиль жастайынан еңбекке бейім өседі. 1981 жылы 8 сыныпты аяқтаған соң аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищесінде білімін жалғастырады. Училищені тәмамдаған соң аудандық астық қабылдау пунктінде тасымалдаушы болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келген соң ДООСАФ-та жүргізуші, Орынбор қаласында құрылыста автокран жүргізеді. Бірақ, әкесінің денсаулығына байланысты ауылға қайтып оралып, АТЭП, ТП-9 мекемелерінде жүргізуші болып ұзақ жыл еңбек етеді. 2001 жылы мекеме тарқаған соң КамАз жүк көлігін сатып алып жеке кәсібін бастаған Равиль 20 жылдан аса күл-қоқыс шығару, мал көңін тасымалдау т.б. жұмыстармен айналысып келеді.
Равиль Мардынов ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5% жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, берілген 9 миллион 230 мың теңгеге жаңадан жүк тиегіш тракторын сатып алды. Бұл алдағы уақытта кәсібін жандандыруға қолдау болмақ.
Аслан Аманбаев,
Шыңғырлау ауылдық округінің бас маманы