14.11.2024, 10:15
Оқылды: 114

БҚО бюджетін 120 040 696 теңгеге толықтырдық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру керек екенін жеткізді. «Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет», – деді Президент.

Бауыржан Заки

«Қоғамдық бақылау туралы» заңға сай қоғамдық бақылау – қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдерінің қоғамдық мүдделерге сәйкестігін талдауға және бағалауға бағытталған қызмет. Мен 2022 жылдың наурыз айында Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесіне мүше болып сайландым. Содан бері біраз көкейкесті мәселелерді көтердік, талқыладық.

Биылғы  17 қазанда ҚР Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен стадитурға қатыстым. Еліміздің әр облысындағы қоғамдық кеңестердің белсенді мүшелері Қарағанды облысына бардық. Олардың арасында Аяужан Әшімова (ШҚО), Кенжегүл Алтынбаева (Қостанай), Рүстем Ашетаев (Шымкент), Інжумаржан Берден («Kazakh Tourism» АҚ) болды.

Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Жәнібек Садықанов, мүшелері Руслан Никонович, Данара Смайл және басқа да тұлғалармен бірге бірнеше әлеуметтік нысанға, соның ішінде Теміртау қаласындағы көпбейінді ауруханаға, Қарағанды қаласындағы №1 емханаға барып, олардың жұмысымен таныстық.

«Saryarqa» телеарнасының тікелей эфирінде брифинг өткіздік. Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінде денсаулық сақтау саласын талқыладық.

2022 жылы 10 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілді. «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес бюджет қаражатын қалыптастыру және жұмсау туралы ақпараттың жеткілікті түрде айқын болмауы мемлекеттік қаржыны басқаруда сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттыратын жүйелі факторларға жатады.

Кейінгі үш жылда тәуелсіз қоғамдық мониторингтің (бақылау) пәрмені ықпалды екеніне көзім жетті. Халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, әлеуметтік желіні тиімді құрал ретінде пайдаланған белсенді азаматтар ел-жұрттың орынды ықыласына бөленуде.

Ашық мәліметтерді (goszakup.gov.kz, elicense.kz, egov.kz) пайдаланып, 2022, 2023 және 2024 жылдары 150 мекеменің 2500-ден астам мемлекеттік сатып алу қызметтін талдап, құрылыс нысандарына қоғамдық бақылау жүргіздік. Мысалы, көмекшім Арман Ахметқалиев екеуміз 2 жыл 9 айда БҚО бюджетін 120 040 696 теңгеге толықтырдық. Яғни 33 ай бойы айына бюджетке 3,5 млн теңге кіріс кіргізген екенбіз.

Қоғамдық кеңестің маңызы зор. Ал аталмыш құрылымның халықтың да, биліктің де алдында беделін биіктетіп, қадірін арттыра түсетін халықтың мұң-мұқтажын билікке батыл жеткізетін сыншылар мен сарапшылардың қатары көбейе түссе екен.

Бауыржан  Зәки,

БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале