15.11.2024, 17:22
Оқылды: 79

Тастөбе тарихынан сыр шертілді...

Бүгін аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Тастөбе шайқасының 187 жылдығына орай «Тарих тұнған Тастөбе» атты аудандық тарихи-танымдық конференция өтті. Әуелі жиналған қауым Тастөбе ескерткішіне бас сұғып, батырлар рухына құран бағыштады. Кітапхана басшысы Дина Даниярқызы сөз алып, бүгінгі күннің мәні мен маңыздылығын түсіндіре кетті.

тастөбе

Әрі қарай, мәдени-демалыс орталығының дәлізінде «Өлке тарихы – өміріміздің өзегі» атты кітап көрмесі таныстырылып, келер ұрпаққа мәңгі мұра болып қалатын газет беттеріне жаряланған мақалалар мен естеліктерге де тоқтала кетті. Аудан мектептері арасынан жиналған бір топ оқушылар өз қолдарымен дайындаған қол өнерлерін, яғни қару-жарақтардың макетімен таныстырып, шығу тарихына тоқталды. Көздің жауын алатын ерекше туындыларды тамашалаушы халықтың қарасы көп болды. Әсіресе, садақ пен жебе, найза, семсер, қалқан мен қылыш, айбалта сынды сол дәуірдің үлкен қазыналары тарих беттерінен сыр шерткендей болды. №3 жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Сәлім Әзімхан «Мен, мен едім, мен едім...» деп жыр төккенде қолөнер туындыларына үймелеген халықтың арасында тыныштық орнап, барлығы дерлік таңданып қалды. Содан кейін, «Азаттық, Теңдік, Еркіндік» көрінісі бейнеленіп, ерлік жолында қан төккен батырдың шайқас алаңындағы «Жұмыр-Қылыш» күйін шығару тарихы қозғалды. Шараның шымылдығын мәдени-демалыс орталығының қызметкері Мерей Жұмашев пен кітапханашы Ақерке Ғабдуллина ашып, аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевке сөз кезегі ұсынылды. Алпамыс Жаңабайұлы көрермендерге тарих беттерінен өшпес орын алған Тастөбе шайқасын зерттеуде өз  үлестерін  қосып жүрген жандар туралы тоқтала келе, келешек ұрпақтан зор үміт күтетіндерін айта кетті. Сонымен қатар, конференция тізгінін басқару үшін сахна төріне Жаңақала мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Қаһарман Зинуллин ортаға шақырылып, баяндамашылармен таныстырды. «Ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы: мәні, маңызы» тақырыбында Мәжит Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Ғалия Төлегенқызы, «Ел теңдігін аңсаған Исатай батыр» атауымен Жаңақала мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Айзада Асхатқызы, «Махамбет Өтемісұлы: Отарлық саясатқа қарсы күрескер және халықтың жанашыры» баяндамасымен Есен Орақбаев жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Бекзат Амангелдіұлы, «Жаңақала – тарих ерліктің жері» атымен Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Альфия Жантемірқызы баяндамаларын оқып, ой бөлісті. Әрі қарай, шара қонағына сөз кезегі берілді.

- Тастөбеге тағзым – тарихқа тағзым дегендей, жұтаң тарихымыз жамалған күнді ұлықтау, оны ұмытпау, ел жадында мәңгі сақтау – біздің парызымыз. Тастөбені жердің киесі десе, ол елдің иесі – осы отырған жаңақалалықтар. Халқымыз бұл өлкені тек күмбірлете күй төккен күйшілер елі емес, ерлік пен елдіктің жері деп мойындауы тиіс. Соған орай, 2027 жылы Тастөбе шайқасының 190 жылдығына орай республикалық конференция өткізуді қолға алсақ және тарих шеңберінде еңбегі сіңген ғалымдардың көмегіне жүгінсек дұрыс болар еді, - дейді, өлкетанушы, тарихшы, «Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері» Зұлқожа Ғайнеденұлы. Сондай-ақ ол  «Тастөбе - елдік пен ерлік жолында» тақырыбында өз ұсыныстарын ортаға салды.

Иә, Жаңақала елінің әр тасы тұнып тұрған тарих екені баршаға мәлім. Ал, бұл тарихты бұзбай  келешекке аманаттау – біздің жауапты парызымыз.

Ақерке Мәлікқызы,

Жаңақала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале