Аптаның алғашқы күні жағымды жаңалықпен басталды. Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакиров көпбалалы ана Гүлсім Жайықова мен Миргүл Шинбаеваны қабылдап, құрмет көрсетті.
Өз кезегінде сөз алған аудан басшысы Талғат Асқарұлы мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетіліп жатырған қолдауларды тілге тиек ете келіп, ел демографиясының өсуіне қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
– Еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін! Әр адамның арманы-баласын биіктен көру. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз еліміздің нағыз патриоты боларына сеніміміз мол. Сіздерге мықты денсаулық, мызғымас береке-бірлік тілеймін,- деген Талғат Асқарұлы қос анаға салтанатты түрде «Күміс алқа» мен естелік сыйлық және шоқ гүлдерді табыс етті.
Айта кетейік, «Күміс алқа» иегерлері атамекендік Гүлсім Бауыржанқызы мен ақтаулық Миргүл Николаевна - алты баланы өмірге әкелген алтын құрсақты аналар. Екеуі де балабақшада қызмет атқарады. Білім жоғары. Елге сыйлы жандар.
Аталмыш шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Әсел Ибраева мен Ақтау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бекет Кужбанов пен Қазақстан ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Естеков қатысты.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы