Бүгін Казталов ауданында округ әкімдерінің халыққа кезекті есеп беру кездесулері басталды. Бекітілген жоспарға сәйкес Қараоба ауылдық округінің әкімі Жалғас Сүндетов халыққа есеп беріп, округте жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Округ әкімінің есеп беру жиынына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Ермеков, салалық бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында өткен кездесуде Қараоба ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде округ әкімінің есебі, округтен сайланған аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Ермековтың есебі тыңдалып, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында ақпараттық түсіндіру жұмысы жүргізілді. Тұрғындар тарапынан Қошанкөл-Қараоба бағытындағы аудандық маңызы бар жолды қалпына келтіру, бөгетке су айдау, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарына қатысты сауалдарын жолдап, салалық бөлім басшыларынан жауап алды.
Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов өз сөзінде округтің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін бар екенін, соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың жоқтығы өзгеге үлгі екенін тілге тиек етіп, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын, жол жөндеу жұмыстарын бақылауға алу қажеттігін ескертті. Аудан басшысы аудандағы атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталып, жоспарларымен бөлісті.
Кездесу соңында аудан әкімі Қараоба ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Меңсұлу Өтешоваға Президент Жарлығымен берілген «Күміс алқаны» табыстап, жылы лебізін білдірді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы