20.11.2024, 11:35
Оқылды: 34

Белгісіз адамнан келген сыйлық. Алаяқтықтың жаңа түрі шыққаны рас па?

Әлеуметтік желіде алаяқтардың жаңа схемасы пайда болғаны талқыға түсті. Әсіресе қыздар қауымы белгісіз біреуден келген сыйлыққа алданып, алаяқтардың құрбанына айналып жатқандарын айтады. Massaget.kz тілшісі алаяқтың құрбаны бола жаздаған арудың әңгімесін тыңдады. Толығырақ материалда.

"Гүл әкелдім деп алдап соқпақ болды"

Алматы қаласының тұрғыны белгісіз адамнан сыйлық алып, күдікті жайтқа тап болғанын мәлімдеді. Massaget.kz тілшісі алаяқтың құрбаны бола жаздаған арудың әңгімесін тыңдап білді.

"Менің жағдайым көбіне сабақ болса екен деймін. Осыдан бір ай бұрын анамның туған күні болатын. Үйде қонақ күтіп абыр-сабыр болып жаттық. Түнгі 12-лерге қарай белгісіз бір нөмір WhatsApp  қосымшасы арқылы хабарласты. "Сізге бір адам гүл жіберді, мекенжайыңызды айтасыз ба?" деді. Бәлкім, анамның атына біреулер сыйлық жіберіп жатқан болар деп, мекенжайды айта салдым", - дейді ол.

фиш

Фото: pixabay.com

Содан кейін оған белгісіз біреулер қайта хабарласып, тағы сұрақтар қойған.

"Біраз уақыттан кейін тағы қоңырау түсіп, келгенін хабарлады. Күтіп алайын деп шығып бара жатқанымда тағы бір қоңырау түсіп, "код келеді, соны айтып жіберіңізші" деді. Сол жерде күдіктеніп қалдым. "Мен әлі сыйлықты алған жоқпын ғой, не код сұрап тұрсыз" дедім. "Мен асығыспын, есігіңіздің алдына қалдырып кеттім, айта салыңызшы" деді. Телефоныма SМS код келіп үлгерген екен. Күдіктеніп тұрған соң айтпадым. Біраз дауласқан соң, тұтқаны тастай салды. Есік алдына шықсам, сыйлық тұрмақ басқа да жоқ. Ана нөмірге қайта хабарлассам, алмайды, өшіп тұр. Аса мән беріп, ешқайда жар салмадым", - деді Мөлдір (тегін жасыруды қалады - еск.) есімді қыз.

Мұндай жағдайда не істеу керек?

Заңгер Арман Шәріпов алаяқтардан сақтану үшін және алданып қалғандар үшін бірнеше кеңес ұсынды. Ол азаматтарды аса сақ болуға шақырды.

 "Ауадан келетін жеңіл ақшаға қызықпаңыздар"

"Қазір алаяқтар адамдарды түрлі жолмен алдап соғып жатыр. Мәселен, қазір жеке кәсіпкерлігі (ИП) бар, бірақ жұмыс істемей тұрған адамдарға біреулер өтініш айтады. "Белгілі бір уақытта сізге пайызыңызды, салығыңызды аударып отырамын, тек пайдалануға берсеңіз" деп рұқсат сұрайды. Ауадан келетін ақша болатындықтан, олар келіседі. Алаяқтардың қолына түскен ЖК-ні өз мақсаттарына пайдаланады. Адамдарды алдап соғады, білгенін қылады. Азаматтар арызданса, тергеп-тексеруден кейін ЖК иесі кінәлі болып шығады. Сол үшін ауадан келетін, жеңіл ақшаға қызықпаңыздаршы", - деді ол.

"Ауызша келісімшартты ұмыту керек"

"Жеке тұлғалар ауызша келісімшартты ұмыту керек. Міндетті түрде бәрі жазбаша түрде жүзеге асуы керек. Екіншіден, келісімшартқа отырған тарапты толықтай зерттегені дұрыс. Заңды тұлға болса БСН, жеке тұлға болса ЖСН-ын алып, базада енгізілген, енгізілмегенін толықтай қарап шығу керек. Көз жеткізгеннен кейін ғана сеніп берсеңіз болады", - дейді заңгер.

"Өте мұқият болыңыздар"

"Алаяқтар топ болып жұмыс істеп жүр. Олар бір адамды алдау үшін өздерінен өзге екінші және үшінші жәбірленуші тұлғаны тауып алады. Өздері тіпті іске қатысы жоқ адам секілді жұмыс істейді. Олардың әлі тағы не ойлап табатынын ойлау мүмкін емес. Сондықтан азаматтарға аса сақ болыңыздар деймін. Ешқандай код, ақпарат бермеңіздер. Егер алдағы уақытта несие алуды жоспарламаған болсаңыз, қазір белгілі бір уақытқа дейін онлайн несие алуды өзіңізге шектеп қойсаңыз болады. Осылайша, алаяқтардың да жолын кесіп қоясыз", - деп қосты ол.

Үш жылда 50 мың зардап шегуші тіркелген

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа және жәбірленушінің арызына сүйеніп, ҚР Ішкі істер министрлігінен аталған іс бойынша күдікті әрекеттерге қатысты сауал жолдаған болатынбыз. Министрлік алаяқтардың нақты жаңа сызбасына қатысты арыз-шағым тіркелмегенін және арыз түскен жағдайда бөлек қарастырылмайтынын, ортақ фишинг түріне біріктірілетінін айтты. Сондай-ақ соңғы үш жылда мынадай алаяқтық түрлері тіркелгенін қосты:

  • Фишинг: Алаяқтар сенімді ұйымдар немесе жеке тұлғалар ретінде көрініп, электрондық пошта, жалған веб-сайттар немесе әлеуметтік желілер арқылы жеке мәліметтерді (құпия сөздер, банк карталарының нөмірлері) алуға тырысады.
  • Онлайн саудадағы алаяқтық: Әлеуметтік желілер мен интернет-дүкендерде жалған тауарлар мен қызметтерді ұсыну арқылы алдын ала төлем алып, кейіннен тауарды жеткізбейді, байланысқа шықпай қалады.
  • Өзін банк қызметкері ретінде таныстыру: Алаяқтар телефон арқылы хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, қауіпсіздік мақсатында жеке мәліметтерді немесе банк картасының деректерін сұрап, кейіннен шоттардан ақша жымқырады.
  • Онлайн несиелерді заңсыз рәсімдеу: Алаяқтар азаматтардың жеке мәліметтерін пайдаланып, олардың атынан онлайн несиелер рәсімдейді.
  • Инвестициялық алаяқтық: Жоғары табыс әкелетін инвестициялық жобаларға қатысуды ұсыну арқылы азаматтарды алдап, олардың қаражатын иемденіп кетеді.

Сонымен қоса министрлік жауабында соңғы үш жылда қанша алаяқтық құрбаны тіркелгенін жазды.

"Соңғы үш жылда интернет-алаяқтардан зардап шеккен азаматтар саны 50 мыңға жуықтады. 2022 жылдан биылғы жылдың қараша айына дейін интернет-алаяқтығы бойынша 15000 жуық қылмыстық іс аяқталып, кінәлілер тиісті жазасын алды", - делінген жауапта.

Қоса кетейік, министрлік азаматтарды күдікті жайттарды байқаған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлауды ескертті. Сонымен бірге азаматтардың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сенім телефоны: 110 нөміріне хабарласа алатынын айтты.

Бұл нөмірлерге қоңырау шалу тегін және тәулік бойы қолжетімді. Күдікті тұлғаларды немесе әрекеттерді байқаған жағдайда өз бетіңізше әрекет етпей, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу маңызды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале