21.11.2024, 16:45
Оқылды: 16

БҚО-да кәсіподақ төрағасы қайта сайланды

Орал қаласындағы Достық үйінде «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Батыс Қазақстан облыстық филиалының ХХХ есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

DSC02915

– Облыста штатқа сәйкес 3514 мемлекеттік қызметші бар. Жергілікті атқарушы құрылымдарда 2211 адам жұмыс істеп жүр. Орталық мемлекеттік құрылымдарда қызмет етіп жүргені – 1254 адам. Осынша қызметші облыстың 700 мыңға жуық халқына қызмет етеді. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялаған болатын. Мемлекеттік қызмет кәсіподақпен тығыз байланысты.

Серік Кенжебекұлының басшылығымен кәсіподақ мүшелерінің басын біріктіруге бағытталған бірқатар қоғамдық, мәдени және спорттық іс-шаралар жүзеге асып келеді. Әрбір жергілікті атқарушы құрылымның жұмысын алға жетелейтін – әкім аппараты. Сондықтан әкім аппараты басшыларының кәсіподақ жұмысын жандандырудағы рөлі орасан зор. «Қызмет» салалық кәсіподағының ауқымы кең, – деген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Іс-шараға «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-ның төрағасы Мирболат Жақыпов, аталған кәсіподақ төрағасының орынбасары Атақозы Нұрланов, кәсіподақтың Ақтөбе облыстық филиалының төрайымы Мұхтарита Сағындықова, «Батыс Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бауыржан Атауов және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен мүшелері  қатысты.

– Кәсіподақтар бес жыл сайын төраға сайлап, атқарған жұмысының есебін береді. Қазір барлық облыста осындай науқан жүріп жатыр. Бес-алты жыл бұрын «Қызмет» кәсіподағының 70 мыңдай мүшесі болған еді. Қазір оның құрамындағы мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің саны 100 мыңнан асты. Қатарымыздың толыға түскені – «Қызмет» кәсіподағына көрсетілген үлкен сенім. Сонымен қатар бұл жауапкершілікті арттыра түседі. Біздің басты мақсатымыз – қызметшілердің мүддесін қорғау, еңбек қатынастары мен жалақыға қатысты мәселелерді шешу. Себебі әлі де төмен жалақы алатын қызметшілер бар. Әсіресе, азаматтық қызметшілердің жалақысы төмен. Бұл мәселені тиісті министрліктерге жеткіздік. Кәсіподақтың басты құралы – ұжымдық шарт. Бұл – жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынасты реттейтін құжат. Шыны керек, мемлекеттік қызметтің жұмысы оңай емес. Бұл салада үлкен реформалар жүріп жатыр, тапсырма да көп. Кейде күні-түні жұмыс істейтін қызметшілер бар. Бұл, әрине дұрыс емес. Кәсіподақ осы мәселемен де күреседі. Себебі мемлекеттік қызметші сағат 18.30-дан кейін жұмыстан кетуі керек. Бірақ кейде басшылар қарамағындағыларға тапсырма беріп, жұмыстан кейін де ұстап отырады. «Қызмет» кәсіподағының әр өңірде филиалы бар. БҚО-дағы филиал алдыңғы қатардан көрініп келеді, – деді Астанадан келген «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-ның төрағасы Мирболат Жақыпов.

Бұдан соң мінберге шыққан «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Серік Сүлеймен ұйымның соңғы бес жылда атқарған жұмысы жөнінде баяндады. Оның мәліметінше, осы уақыт аралығында кәсіподақтың 50-ден астам бастауыш ұйымы құрылған. 1900-ден астам мемлекеттік қызметші кәсіподаққа жаңадан мүшелікке өткен. Күні бүгін «Қызмет» облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің салалық кәсіподағының 319 бастауыш кәсіподақ ұйымының қатарында 6797 адам бар.

– Жарғылық талаптарға сәйкес облыстық кәсіподақ ұйымы әр тоқсан сайын атқару комитетінің отырыстарын өткізді. Онда жүзеге асқан  іс-шаралар қорытындыланып, алдағы жылдың жұмыс жоспары, бюджеттің орындалуы, шығыс сметасын бекіту, кәсіподақ мүшелерінің жарналарын жинау, бастауыш  кәсіподақ ұйымдарын жаңадан құру секілді мәселелер қаралды. Сонымен қатар ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер, бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасындағы тиімді жұмыс тәжірибелері талқыланды. ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен ұйымдастырылған «Қалың қалай, бастауыш?» республикалық акциясы және Әлеуметтік әріптестік жылы аясында кездесулер ұйымдастырылды.

Биыл да ҚР Кәсіподақтар күні атап өтілді. Кәсіби мерекеде бір жыл ішінде істелген жұмыстарға талдау жасалды. Алдыңғы қатарлы кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақ жетекшілеріне, кәсіподақ мүшелеріне құрмет көрсетілді. Олар ҚР Кәсіподақ федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін», «Кәсіподақ ардагері» және «Еңбек озаты» медаліне, басқа да марапаттарға ие болды. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл сайын төртжақты келісіммен спартакиада өтеді. Яғни облыс әкімдігі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті, «Қызмет» БҚО мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің салалық кәсіподағы және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырады, – деген Серік Кенжебекұлы кәсіподақ жұмысын жетілдіру мақсатында өткізілген дөңгелек үстелдер, семинар-кеңестер жөнінде айтты.

Кәсіподақтың назар аударатын мәселелерінің бірі – ұжымдық шарттар. Есепті кезеңде 51 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс берушілермен ұжымдық шартқа отырған. Ал 291 бастауыш кәсіп-одақ ұйымының ұжымдық шарттарының уақыты ұзартылған. «Қызмет» облыстық кәсіподақ ұйымы ауылдық жердегі мемлекеттік архивтің қызметкерлерінің өтінішін қарады. Өтініште ауылдық жерде жұмыс істейтін мәдениет саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесіне енгізілмегендіктен, олардың лауазымдық айлықақысына 25%-дық үстемеақының жылдар бойы мүлдем төленбегенін айтқан. Облыстық кәсіподақ ұйымы аталған мәселемен облыс әкімдігіне, облыстық мәслихатқа, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жүгініп, оң шешіп берді. Күні бүгін өңірдегі елді мекендерде орналасқан мемлекеттік архив қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысына 25%-дық үстемеақы төленіп отыр. «Қызмет» облыстық кәсіподақ ұйымы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырыстарына да қатысады. Биылғы көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмек беруге кәсіподақ ұйымдары да атсалысты. Кәсіподақ мүшелері ҚР Кәсіподақтар федерациясының екі сертификатына, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық  қызмет  көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ орталық кеңесінен көрсетілген қаржылай көмекке ие болды», – деді Серік  Кенжебекұлы.

Конференция барысында тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, бекітілді. «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық  қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-ның  төрағасы Мирболат Жақыпов аталған кәсіподақтың облыстық филиалының төрағалығына Серік Сүлейменнің кандидатурасын ұсынды.

Делегаттар бірауыздан дауыс беріп, бұрынғы төраға қайтадан сайланды. Конференцияның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды. Іс-шара соңында Астанадан келген бірлестік төрағасы Мирболат Хабиұлы кәсіподақ белсенділерін «Әлеуметтік саланың үздігі», «Елеулі еңбегі үшін» медальдарымен, «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапаттады.

Олардың қатарында «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Кемел Садбеков, Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Талшынай Жүніс, Жәнібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің  бас маманы, аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Райгүл Тастенова және басқалар бар.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале