Орал қаласында қаптаған қаңғыбас ит адамдарға қауіп төндіріп тұр. Жыл басталғалы қаланың өзінде 1 200-ден астам адамды ит қапқан. Ал сәуір айында итке таланған 13 жастағы бала әлі күнге аяққа тұрмаған.
Бүгін қаңғыбас иттерді аулау шарасы ұйымдастырылды. Орал қалалық ветеринария станциясының мамандары қала мектептерінің маңайынан қаңғыбас иттерді аулады.
– Бұл иттерді аулап, ветемханаға апарып биозалалсыздандыру жұмысын жүргізеді. 10 күндей карантинде болып иттің мінез-құлқына бақылау жасайды. Егер қоғамға қауіпті деп есептелсе ол итті құртады. Ал егер қауіпсіз болса өз ортасына қайта жіберіледі, - дейді Орал қалалық ветеринария станциясының басшысы Ерлан Мұратұлы.
Ит аулау шарасы жүріп жатыр дегенді естіген 13 жастағы жасөспірімнің анасы Алтынай Құсайынова осы жерге аранайы келіпті.
– Менің баламды талаған иттер әлі жүр. Оларды ұстаған да, құртқан да жоқ. Балам әлі күнге өздігінен жүре алмайды. Ол төсекте жатыр. Ол үшін ешкімді жауапкершілікке тартқан жоқ, - деп қынжылады қала тұрғыны.
Алтынай Құсайынованың баласына көмек сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Өкінішке орай әлі күнге ешкім бұл оқиға үшін жауапкершілікке тартылмаған.
Ал ветеринария саласынң мамандары болса заң бойынша иттерді бұрынғыдай ата алмаймыз, сол себептен қаңғыбас ит көшеде қаптап кетті деп отыр.
Айта кетейік, мамандардың айтуынша, Орал қаласы бойынша 25 мыңдай қаңғыбас ит бар.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz