Қазақстан тұрғындары жиі қосымша қызметтер мен тауарларды мәжбүрлі түрде сатып алуға тап болуда. Смартфон сатып алу міндетті сақтандырумен немесе ақылы баптаулармен байланыстырып беріледі, ал тұрмыстық техника тек аксессуарларымен бірге ұсынылады. Мұндай жағдайлар тұтынушыларды ашуландырып қана қоймай, заң талаптарын да бұзады. Бұл туралы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ақпаратында айтылған.
Сурет: freepik.com
Заң не дейді?
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 28-бабына сәйкес, сатушы тауарды немесе қызметті қосымша өніммен міндетті түрде сатып алуды талап етуге құқығы жоқ. Әрбір тұтынушы еркін таңдау құқығына ие. Егер сізге тауарды тек қосымша сатып алумен ғана ұсынса, бұл – сіздің құқықтарыңыздың тікелей бұзылуы.
Сарапшылар мұндай әрекеттердің басты себебін дүкендердің табысты арттыруға деген ұмтылысынан көреді. Қосымша сатылымдар, яғни аксессуарлар немесе қызметтер, бизнестің пайдасын көбейтеді. Алайда бұл стратегия ұзақ мерзімді перспективада тиімсіз: көңілі қалған тұтынушылар брендке деген сенімін жоғалтады, ал бұл өз кезегінде шығындарға әкелуі мүмкін.
Тұтынушылар үшін бұл тек ыңғайсыздық қана емес, артық шығынға да әкеледі. Сақтандыру рәсімдеу, аксессуарлар сатып алу немесе ақылы баптаулар тауардың жалпы құнын арттырады. Кейбір тұтынушылар нарықтағы ұсыныстардың аздығына байланысты қажетті тауардан айырылып қалмас үшін осындай шарттарға көнуге мәжбүр болады.
Құқықтарыңызды қалай қорғауға болады?
«Міндеттелген қызметтер адал сауда қағидаттарын бұзады. Тек заңды сақтау және ашық ережелерді ұстану ғана тұтынушыларр мен бизнестің арасындағы сенімді нығайта алады. Бұл үшін екі тараптың да жауапкершілігі маңызды: сатушылар тұтынушылардың құқықтарын құрметтеуі керек, ал тұтынушылар өз құқықтарын біліп, қорғаудан тайынбауы тиіс. Сатушылар есте ұстауы қажет: тұтынушылардың құқықтарын құрметтей отырып, олар тек заң талаптарын орындап қоймай, өз беделін де арттырады. Ал тұтынушылар заңды түсініп, өз құқықтарын қорғауды үйренсе, әр сатып алуы тиімді әрі әділетті болары сөзсіз», - деп атап өтті бас маман Ардақ Өмірбек.