Сырым ауданындағы Бауыржан Халиолланың 45 жасына арналған мәдени-көпшілік шаралардың түйіні – мәдениет үйінде өткен бенефис-шоу.
Ақынның ақын деген Алла берген атынан бөлек, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген ресми атақтары бар. Бірақ, Бәукең олардың арасынан «Сырым ауданының Құрметті азаматы» деген төсбелгіні мәртебемен тағады. Ол елінің ықыласын биік қойғаны.
– Көптің бірімін. Халықтың ұлымын. Осыдан асқан құрмет те, марапат та жоқ. Екі аяғымнан тік тұрып қазаққа қызмет ете алмас, басқа бақыт та, дәулет те жоқ, - деді ол толғанып сахна төрінде.
Кештің жарқ еткен жаңалығы – досының тойына Түркістаннан ақын, «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын домбыраның» жеңімпазы Бекарыс Шойбековтың келуі.
– Айтысқа ораласыз ба?! - деген сұраққа:
– Жоқ. Оралмаймын. Бірақ, айтысқа тілеулес адам, керегінде қызметшісі болып қала беремін. Жүкең де «Айтысқа келмейсің бе?!» - деген, - Бекарыс Шойбековпен болмаса! Ол – бір мекенің басшысы, мен де. Екі шенеунік болып айтысайық! - деп әзілдедім. Ақынның бәрі – бауырым. Бекарыстың жөні бөлек. Оны бауыр, кейде ұстаз тұттым. Мен үшін Бекарыс ақындығымен де, адамдығымен де биік, - деді ол.
Міне, ұйымдастырушылар Бауыржан Халиолланың осы бағасын біліп, Бекарыс ақынды Жымпитыға арнайы алдырған болатын. Екі дос, екі ақын сахнада кездесті. Тосын жүздесуге Бәукең таңданып, таңырқап қалды.
Сырымдық әнші-композитор Алмаз Елшібеков ақынның ана туралы жырын музыкамен өріп, ән сыйлады.
Кешті Сырым ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Төлепов қорытындылады.
– Ақынның ауызына елдің сөзі жарасады. Бауыржан Халиолла – халықтың сөзін сөйлеген ақын. Елдің оны сүйетіні, құрметтейтіні сондықтан. Бауыржан мырзаны мерейлі жасымен құттықтап, қазаққа қызмет жолында жігер, қуат тілейміз! - деген Қайрат Нұржанұлы өнер бәйгесінде үзеңгі қағыстырып келе жатқан Бауыржан Халиолла мен Бекарыс Шойбековке ат мінгізді.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы