27.11.2024, 17:30
Оқылды: 7

Тасқалада кандидаттар дебатқа қатысты

Атамекен ауылдық мәдениет үйінде Қазақстан ауылдық округі әкімі лауазымына үміткер кандидаттар арасында пікірсайыс өтіп, оған БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен комиссия мүшелері, Асланбек Ғұбашев және Фархат Хайретдинов, сондай-ақ, Тасқала ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Баишева мен ауыл тұрғындары қатысты.

11

Алдымен БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Таупиықұлы мен Тасқала ауданының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Динара Баишева ауылдық кітапхана ғимаратында жергілікті қауымдастықпен кездесіп, сайлаудағы оң өзгерістерді тілге тиек етіп, толық мәлімет берді.

Содан кейін кездесуге жиналғандар сайлау туралы өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды. Одан әрі жиналғандар дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан дебатқа қатысып, болашақ әкімдердің біліктілік деңгейімен танысты.

12

Мұндағы мақсат үміткерлердің іскерлік қыры мен саяси мәдениетін, халықтың сайлау жүйесінің ашықтығына көз жеткізу, олардың сенімін нықтау болатын. Пікірсайысты ашқан Тасқала ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Құрманғалиқызы бұл сайлаудың бұрынғы сайлаудан өзгеше екендігін, яғни қазіргі таңда әкімдерді халық өзі сайлайтынын, сондықтан, әр сайлаушының дауысы маңызды екенін атап өтті. Дебатқа қатысатын кандидаттарға сәттілік тіледі.

Содан соң үміткерлер жеребе суыру арқылы өздерінің реттік нөмірлерін анықтап, төрт кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезекте әр кандидат өзінің өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасымен таныстырса, екінші кезеңде бір-біріне сұрақ қойып, оған өздерінің қал-қадірінше жауап берді. Айта кетейік, бұл сайлауға өзін-өзі ұсыну әдісімен  келген кандидаттардың барлығы да мемлекеттік қызметте жүргендіктен, қойылған сұрақтарға жауап беру оларға қиындық тудырмады. Ал үшінші кезеңде тұрғындар тарапынан қойылған, «егер халық дауыс беріп, әкім лауазымына өткен жағдайда жол, жарық, мал су ішетін бөгеттерді жөндеу жұмыстары мен абаттандыру, сондай-ақ, жастарды ауылға тұрақтандыру және жұмыс барысында кездесетін кейбір мәселелерді қалай шешер едіңіз» деген сауалдарға әр кандидат өз ойларын білдіріп, тығырықтан шығу үшін қалай жұмыстану керектігін айтты.

14

Соңғы бөлімде тұрғындарды 1 желтоқсанда өтетін сайлауға бір кісідей қатысып, ауылдың болашағы үшін дауыс беруге шақырды. Пікірсайыс жоғары деңгейде өтті. Кандидаттар да өздерінің жинаған тәжірибелеріне сүйене отырып, қойылған сұрақтарға барынша дұрыс, әрі нақты жауап берді.

Яғни, қай-қайсысының да жақсы дайындықпен келгені көрініп тұрды.

Пікірсайыстың толық нұсқасы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының Ғасеbook парақшасында тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале