Ауыл шаруашылығы — ел экономикасының дамуындағы жетекші сала. Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы» саланың маңыздылығын арттыра түскендей. Бүгін аудан әкімдігінің қолдауымен С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтті.
Дана халқымызда «Еңбегі көптің өнбегі көп» деген тәмсіл бар. Аудан экономикасының алтын діңгегі, бұл агроөнеркәсіп кешені. Ауданымызда мал саны өсіп ірі қара малы 137 444, қой мен ешкі 309 092, жылқы 38 325, түйе 328 басқа жетті.
Биыл ауданымызда 4 шаруа қожалығы 462 га жерге екпе шөп екті. Жеке тұрғындар мен шаруашылықтар жалпы көлемі 25 га жерге бау-бақша егу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ ауданымызда құс шаруашылығы да дамып, құс саны 16060 басты құрап отыр.
Бүгінгі мерекелік шарада аудан әкімі Асланбек Сарқұлов сала мамандарын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемеұлы «Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында» сөйлеген сөзінде «Агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру» деген болатын. Ауыл шаруашылығы саласына маманданған ауданымыздың саладағы даму қарқыны артып келеді. Бұл сала ардагерлері мен мамандарының ерен еңбегінің жемісі. Сіздердің ерен еңбектеріңіз ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге септігін тигізді. Оны өскелең ұрпаққа дәріптеу біздің борышымыз. Келер жылы «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында да сала мамандарының еңбегін, игі бастамаларын насихаттау мақсатында идеологиялық жұмыстар жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері мен қызметкерлеріне аудан экономикасының дамуына зор үлес қосып, ауданымыздың аграрлық әлеуетін арттырудағы еңбектері үшін алғыс білдіремін! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!, — деген аудан әкімі өз сөзінде ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне қатысты ұсыныстарын айтты.
Аудан басшысы саланы дамытуда мал шаруашылығынан бөлек екпе шөп егу, бау-бақша кәсібін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Бұл мақсатты жүзеге асыруда мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін жеткізді.
Салтанатты жиында саналы ғұмырын саланың дамуына арнаған бір топ ардагерлер мен сала мамандары төсбелгі және медальдармен, бірқатар басқарма басшыларының алғыс хатымен марапатталды.
Атап айтар болсақ, «ЕрБауыр» шаруа қожалығының жетекшісі Ғали Ихсанов ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «II дәрежелі Еңбек даңқы» төсбелгісімен, сала ардагерлері Тауфих Мұханов, Марат Тоясов, «Дархан» ШҚ жетекшісі Жолдыбай Тапауов ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіптік одағының «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал «Аман» ШҚ жетекшісі Аманжол Қарасаев, «Еламан» ШҚ жетекшісі Ғабды Жұмалиевке Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының алғыс хаты, «Ер Қожа» ШҚ жетекшісі Самат Хасанов және БҚО Казталов ауданының жер қатынастары бөлімінің бас маманы Назар Аманғалиевке Батыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасы басшысының алғысхаты, ардагер ветеринар Қуаныш Бисенғалиев және Казталов аудандық ветеринариялық станциясы фельдшері Ерлан Саметовке Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасы басшысының алғыс хаты табысталды.
Биылғы жылдың басты ерекшелігі агроөнеркәсіпті дамытуға үлес қосқан азаматтар алғаш рет жыл үздіктері қатарынан көрініп, арнайы аталымдарға ие болды. Аудан әкімі Ғайнеден Бейсеновті «Үздік жылқышы», Руслан Иманғазиевті «Үздік бақташы», Серікқали Байденовты «Үздік шопан», Нұрлан Әкімғалиевті «Үздіе механизатор», Талғат Мұсағалиев және Айбынбек Абитовты «Үздік ауыл жанашыры», Альбина Сарсенғалиева және Гүлнар Тайгаринованы «Үздік жұмыс беруші», Марат Баянғалиевті «Үздік бау-бақша өнімдерін өсіруші», Ғалия Сайтованы «Үздік нан өнімдерін шығарушы», Айгүл Насырованы «Үздік сүт өнімдерін жәрмеңкеге сатушы», Кадим Табылдиевті «Үздік асыл тұқымды шаруашылық», Орынбек Бақтыяровты «Үздік мемлекеттік қолдауларды пайдаланушы», Ермұрат Мажимовты «Үздік мал азығын дайындаушы» және Қараоба мен Жаңажол ауылдық округтерін «Үздік Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысушысы» номинацияларымен марапаттады.
Мерекелік кеште аудан көркемөнерпаздарының сала ардагерлері мен қызметкерлерінің құрметіне концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.
Нұр Рахман
Казталов ауданы